Ауыл – қазақтың бастау бұлағы. Ұлт болып сақталып қалуымыз да осы ауылдың арқасы. Біздің барша асыл мұраларымызды сақтаушы ауыл жайлы айтар әңгіме, ой-толғаулар таусылмайды. Алайда ауылдың қазіргі кезеңдегі хал-ахуалы жайлы айтарда кеудеңді мақтаныш сезімі кернемейді, себебі ауылдың ажары кеткен, ең қиыны ауылдан көшіп кетушілер көп. Біз қанша жасырсақ та ауылда өмір сүру қиындап барады, өз күшіне ғана арқа сүйеген ел демеуге зәру. Әсіресе, Павлодар облысының Май ауданы ерекше қамқорлыққа мұқтаж.
Сонау аштық жылдары өзен жағасына үдере көшкен ел Ертіс бойын мекендеп тіршілік етуде. Малайсары батырлар Қалмаққырылған тауының ішінде жауды ойсырата жеңген елді мекенде Ақшиман атты ауыл бар.
Май ауданының тарихы терең, жер қойнауы толған қазына. Қасиетті әрі қасіретті өңірдің күрмеуі шешілмеген негізгі мәселелері, жұрттың жанайқайы жайлы сөз етсем деймін. Мін табу, сын тағу мақсат емес, мақсат – бір елдің билікке айтар назын, жүрек үнін жеткізу, әділ әрі шынайы жағдайды айту. Өйткені біз жалған сөздерді естуден жалықтық, мінбердегі басшының құрғақ уәде беріп тұрғанын біле тұра үнсіз тыңдап отырамыз. Одан кейін тағы да алдымызға келгенінде тағы да құлақ түріп, назар аударамыз әлгі адамға. Сайлау кезінде сол адамдарға дауыс береміз. Оларға сенің сенгенің керек емес, ал олардың жалған уәдесі кімге керек?! Әйтеуір бәріміз шындықты білеміз. Бірақ тіс жармаймыз. Өйткені естір құлақ жоқ. Сорға батып бара жатсаңда ешкім қол ұшын созбасын білген соң соқыр адамдай ештеңе көрмеген сыңай танытамыз, күнделікті азын-аулақ айлығымыз, зейнетақымыз, жәрдемақымыз қолымызға тисе болғаны. Жұрт ішінде «ақшаң болса болды, бәрін сатып алуға болады» деген сөз тіркесін жиі естіп қаламын. Сатылмайтын дүниелер жоқ деуге келмес, біз сатуға болмайтын дүниемізді саудаға салып қойғанымызда болып тұрған сияқты бұл сөздің шығу төркіні. Жекешелендіреміз деп ауылды талан-таражға салдық. Содан бері қанша жыл өтсе де ауыл әлі еңсесін тіктеген жоқ. Бұзылған үйлердің орнына дейін тазартып тастасақ та көркейіп кетті деуге әлі ерте секілді. Ең жаманы, ауылда мыңға жетпейтін тұрғын, жүзге жетпейтін оқушы қалды. Бір кездегі бір сыныптың оқушыларындай балалар бір үлкен мектепте оқып жүр. Бір баланы екі мұғалім оқытатын жағдайға жеттік. Неге егін екпейміз, мал бақпаймыз?!- деп басшылар елге ақыл айтады. Ауылда қолына күрек ұстар, асауды ерттеп мінер жігіт табуы қиындап барады. Отбасын асырай алмайтын кәсіппен айналысуға ешкім құлық танытпайды. Егін салсаң оны суара алмай әлек боласың, мал бақсаң оның етін дұрыс бағаға алар саудагер жоқ. Дүкенге барсаң бәрі удай қымбат, 50 теңгенің дүниесін 100 теңгеге сатады, аудан орталығынан шалғайлау ауылдарда одан да көп қосып саудалайды.
[caption id="attachment_10740" align="alignright" width="297"] Павлодар облысы[/caption]
Ауылда техника тапшы. Үкімет 50 пайызын өзі көтереді, трактор алыңдар деді. Ол үшін 100 сауын сиырың болуы шарт. Мал басын бір техникасы жоқ адам қалайша 100-ге жеткізеді?! Күз басталмай шөп шабатын бірнеше тракторшының соңынан қалмаймыз, одан кейін қар түскенше таси алмай әлек боламыз. Қар түсіп кетсе тасу құны өседі. Дер кезінде тасымасаң ойға түскен үйір-үйір жылқы мая-мая шөптеріңді таптап кетеді.
Ертіс өзені көктем кезінде алқапқа жайылады, он жылдай уақыттан бері өзен суы бірнеше метр төмендеп кетті. Қара сулар тартылып, балдыр басты. Шөп шықпай ел алаңдады. Әйтеуір биыл 20 күннен астам уақыт бойы жайылған су тұрақтап тұр, дегенмен суды көп жіберсе өзен маңындағы үйлерді басу қаупі төнеді. Былтыр күзде ешқандай ескертусіз су жіберіліп, өткелдерді шайып кетті. Жер ми батпақ болып езіліп, техника жүре алмай қалды. Жарты ай бойы шөбін таси алмаған елге қардың ерте түсуі тағы да қиындық тудырды. Көктемнің кеш келуі де ауылдағы жұрттың көңіліне күдік ұялатты. Жергілікті биліктің қауқарсыздығы осындайда байқалды. Шөп бағасы 12 мың теңгеден 40 мың теңгеге дейін көтерілді. Бірнеше жыл бұрын 1 тіркеме шөп 60 мың теңгеге дейін шарықтағаны ел есінде.
Қазақтың қай жері болсын қасиетті, қастерлі. Ал қасіретті өлке деуіме, Май ауданының 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізілген өңір болуы басты себеп. Атом, сутегі бомбалары бастапқыда ашық сыналса, одан кейін жүздеген жерасты жарылыстары болды. Жер бетіндегі адам қолынан жасалған бұл қасіреттің зардабын аудан халқы әлі күнге дейін көріп отыр. Ең өкініштісі, аудан тұрғындары радиациялық ластануға ұшыраған өңір тұрғындары ретінде толық медициналық тексерістен өткен жоқ. 2009 жылы Ақжар және Май ауылының тұрғындары ғана тексерістен өтті.
Май ауданында халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету ісі ең өзекті мәселелердің бірі. Ақшиман ауылының тұрғындары ұңғымадан алынатын суды тұтынады. Өзге ауылдар кешенді блок модульдер суын пайдаланады. Ертіс өзенінің суы ішуге жарамсыз. Кешенді блок модульдер істен шықса тұрғындар ішер су таба алмай сабылады. Тіпті аудан орталығындағы аурухана да сусыз қалып қоятын күндері аз емес.
Көктем кезінде аудан орталығы Көктөбе ауылындағы КБМ (кешенді блок модуль) бірнеше рет істен шығып, 4 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекен тұрғындары сусыз қалды. Ауыз су мәселесі түбегейлі шешіледі деп уәде бермеген министрлік өкілдері, Парламент депутаттары қалмаған шығар. Қазіргі уақытта Май топтық су құбырының құрылысы жүргізілуде. Бұл іс бірнеше рет басталып, аяқсыз қалған. Миллиардтаған теңгенің жобасын жүзеге асыруда ширақтық танытып, елді таза сумен қамтамасыз етер деген үмітін ел әлі үкілеп отыр.
Қазақтың қай жері болсын қасиетті, қастерлі. Ал қасіретті өлке деуіме, Май ауданының 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізілген өңір болуы басты себеп. Атом, сутегі бомбалары бастапқыда ашық сыналса, одан кейін жүздеген жерасты жарылыстары болды. Жер бетіндегі адам қолынан жасалған бұл қасіреттің зардабын аудан халқы әлі күнге дейін көріп отыр. Ең өкініштісі, аудан тұрғындары радиациялық ластануға ұшыраған өңір тұрғындары ретінде толық медициналық тексерістен өткен жоқ. 2009 жылы Ақжар және Май ауылының тұрғындары ғана тексерістен өтті. Одан кейін қаражат тапшылығын желеу етіп тексеру-зерттеу жұмыстары тоқтатылды. Халықтың орташа өмір сүру жасы 54-58 жас, бұл еңбек адамының зейнет жасына жетпейтінін көрсетеді. Соған қарамастан билік зейнеткерлікке шығу жасын ұлғайтуды көздеуде. Бейнетінің зейнетін көре алмай кеткен мыңдаған жанның дауысы оларға жетпеді, жетсе де қол сілтей салғандай көрінеді.
Семей өңірі мен Май ауданы сынақ алаңындағы елді мекендер бола тұра Май ауданы радиациялық ластануға ұшыраған зоналарға бөлгенде төтенше радиациялық ластануға ұшыраған аймақ санатына енбей қалған. Бұған сол кездегі жергілікті депутаттардың да салғырттығы ықпал етсе керек.
Бір кездері біржолғы төлемақы берілген болатын, одан бері де жиырма жылдай уақыт өтті. Жұмыс істеп жүргендердің еңбекақысына қосымша төлемақы беріледі, ол қосымша ақшаның көлемі де мардымсыз. Жұмыссыз адамдар ескерусіз қалған.
Мүгедек жандар көп, туабітті кемтар сәбилер әлі күнге дейін өмірге келуде. Өз-өзіне қол жұмсау фактілері де орын алып тұрады. Бірақ бұның полигонға қатысы жоқ деп басқа себеп іздеушілер табылады. Жергілікті мамандар, дәрігерлер үнсіз.
Сынақ полигонын ауылшаруашылығына қайтару жөнінде бастама көтеріліп, бұл жерлер шаруа қожалықтарына үлестірілмек. Радиациялық медицина және экология институтының зерттеу қорытындысына сәйкес бұл жерлер тазарған, мал бағу үшін жарамды болып шыққан екен.Дегенмен, халықтың басым бөлігі, жергілікті ауыл ақсақалдары бұған күмәнмен қарайды, эколог ғалымдар да ерте қабылданған шешім ретінде баға беруде.
Ірі өндіріс ошақтары жоқ, экономикасы бір салалы, тек қана ауылшаруашылығына арқа сүйеп отырған ауданға серпін берер, аяққа нық тұруына демеу болар күш-көмектің қажет екендігі сезіледі.
Аудандағы келеңсіздіктер, шешілмеген мәселелерге жауапты тұлғаларды атап өтуге болады. Дегенмен осы аталмыш мәселелер толық зерделеуді, кейбір сұрақтар нақты жауапты қажет етеді. Алдағы күндерде осы сауалдарға жауап іздейтін боламыз.
Мейрамбек ҚЫЗЫРҰЛЫ,
Павлодар облысы,
Май ауданы.