Мәскеудегі теракт. Тасмағамбетов Ресей үшін қауіпті сценарийді айтты

Қаракөз Амантай 02 сәу. 2024 12:17 32694

ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов әлемді дүрліктірген Крокус Сити Холлда болған лаңкестік шабуылдың ұйымға мүше елдерге әсері туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Өткен аптада БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында ол терроризм жаңа сипатқа ие болып, ұлтаралық және дінаралық алауыздықтың күшеюіне әкеп соқтыратын гибридті қару ретінде қолданылып жатқанын атап өткен. Бұл жолы ҰҚШҰ-ға мүше елдердің саяси әрекетіне бағасын берді. 

"Барлық мемлекет лаңкестік әрекетті айыптап, болған жағдайға қайғыра көңіл айтты. Қылмыскерлерді ұстау операциясына Беларусь мемлекеті атсалысты. Ұйымға мүше елдер атышулы қылмысқа қатысты оқиғаларды бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді түрде жариялады. Өйткені трансұлттық терроризм - ұйымға мүше елдердің ортақ мәселесі. Одақтас елдер Еуразияда болып жатқан соңғы геосаяси өзгерістер олардың әрқайсысы үшін қауіпті екенін жақсы түсінді ", - деді Тасмағамбетов “Interfax” агенттігіне берген сұқбатында.

Айтуынша, теракт ұйымдастырушылары этносаралық алауыздықты қоздыру арқылы Ресей мен Орта Азия елдерінің ынтымақтастығына барынша залал келтіруді көздеген.

"Бейбіт тұрғындарға жасалған шабуылға баға беру жан-жақты өрбуі мүмкін. Олардың көпшілігін қабылдау ауыр. Лаңкестердің басты мақсаты ұлттық үкімет пен қоғамдық қауіпсіздіктің үрейін ұшыру емес еді. Қылмыскерлердің негізгі мақсаты Ресей мен Орта Азия елдерінің арасына іріткі салу болды", - дейді ол.

Осы тұста Тасмағамбетов аталмыш жағдайда салқынқандылықпен әрекет етуге шақырды. Ресейдің көші-қон саясатына қандай да бір кедергі жасалса, бұл еңбек мигранттарының елден кетуіне әсер етуі әбден мүмкін.

"Эмоционалды әрекеттің соңы өкінішке ұласуы мүмкін. Өйткені бейбіт тұрғындардың жаппай қырылуына негіз болған қайғылы оқиғалар, әр азамат өзін осал сезінген кезде, билікке саяси шешімдер қабылдауға барынша қолайсыз жағдай жасау үшін жасалады. Демек мұның өте жағымсыз әрі ұзаққа созылатын салдары болуы мүмкін.

Мәселен, өткен аптада көпшілігіміз мұны әртүрлі ұлт өкілдері арасындағы қайшылық деңгейінде байқадық. Сондықтан Ресейдің ұлттық және көші-қон саясатындағы жағдайдың тұрақсыздануына жол бермеу қажет.

Орта Азия елінен келген еңбек мигранттарына қысым жасалса, бұл олардың Ресейден жаппай кетуіне түрткі болады. Мәселе, аймақтың Ресей экономикасына кері әсерін тигізуінде ғана емес, ең алдымен одақтас елдерде орысфобиялық және антиресейлік көңіл-күй қалыптасады. Ал бұл өз кезегінде мемлекетаралық қатынастарға сына қағады. Осылайша, "Крокус Сити Холлдағы" лаңкестік әрекеттің бастамашылары өз мақсатына бір табан жақындай түседі", - деді Тасмағамбетов.

Саяси қайраткер бұл келеңсіз жайт ҰҚШҰ-ға қандай да бір кері әсерін тигізбейтінін, ұйым мұндай қиындықтарға төтеп беруге қабілетті екенін алға тартты.

"Біз айтып отырған мәселе жалпы әскери-саяси ынтымақтастық саласына қатысты емес. Алайда біз жанама тәуекелдер бар. ҰҚШҰ хатшылығы осыған алаңдаулы. Менің ойымша, Ресейдегі көші-қон және ұлттық саясатқа байланысты туындаған кризис, Орта Азияның бірқатар мемлекетіне әсер етуі мүмкін. Бірақ бұл ұйым жұмысына әсер ете алмайды. Сөзсіз, ҰҚШҰ лаңкестердің назарында жүргені анық. Мәскеудегі лаңкестік әрекеттің артында тұрғандар осы арқылы ұйым жұмысын ақсатуды да көздеген болар. Дегенмен, бұл жүйенің іргетасы өте төзімді және мұндай қиындықтарға төтеп бере алады", - деді ол.  

Еске салайық, 22 наурызда белгісіз біреулер Мәскеудегі Крокус Сити Холл концерт залында адамдарға оқ жаудырды. Кейін концерт залында өрт шықты. Себебі оқ атқандар граната жарғаны белгілі болды. Қазір негізгі тоғыз күдікті ұсталды.

Атыс "Пикник" рок-тобының концертіне бірнеше минут қалғанда басталған болатын.

"Залда жүрген адамдар атыстан қорғану үшін бірден жерге жатып қорғанды. Кемінде 15-20 минут жерде жатып, ақырындап сыртқа шыға бастады. Көбі қашып үлгерді", - деп жазды сол кезде ресейлік арналар.

Бұған дейін Мәскеу қаласының аудандық сотына Крокус-Экспо сауда ойын-сауық орталығында ауқымды террористік акт жасады деген күдіктілер әкелінген болатын. Кейінірек Басман аудандық соты террористер тобына қатысты алдын ала тергеу органдарының бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішін қарауға кірісті.

Айта кетейік,бұған дейін ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Мәскеу облысындағы Крокус Сити Холлда болған терактіде қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтқан болатын.

"Мәскеу облысындағы Крокус Сити Холл концерт залында орын алған адамгершілікке жатпайтын лаңкестік әрекет туралы терең өкінішпен білдік. Қайғылы оқиға жүрегімізді сыздатты. Теракт салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тауып, жазықсыз адамдар жараланды. Біз бұл қатыгез, ақтауға келмейтін қылмысты қатаң айыптаймыз. Біз сіздермен бірге қатты қайғырамыз. Жеке өз атымнан және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Хатшылығының атынан қаза болғандардың жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіруге рұқсат етіңіздер", — деп жазған болатын Тасмағамбетов Telegram арнасында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар