"Украиналық күштер мен шетелдік жалдамалылар "Азовсталь" ішінде қамалып отыр" деді Шойгу.
Путин Мариупольдегі "қарулы жұмысты" "сәтті" деп атап, ресейлік әскерилерге награда беруді тапсырды.
Ресей президенті "Азовстальға" штурмды "бос іс" деп атап, Шойгуға комбинатқа штурмды доғаруды бұйырды.
"Бұл жағдайда біз солдаттарымыз бен офицерлеріміздің өмірін сақтауды ойлауымыз керек. Бұл катакомбаға жолаудың қажеті жоқ, өнеркәсіп базасының астына түсудің де керегі шамалы. Өнеркәсіптік аймақты шыбын ұшпайтындай жауып тастаңдар" деді Путин.
Мариуполь қаласы 1 наурыздан бері Ресей әскерінің қоршауында қалған. Украина билігі қаладағы 80-90 пайыз инфрақұрылым толық қирағанын, қалада 20 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза болғанын мәлімдеген.
Бұл қаланы негізінен украиналық "Азов" батальоны қорғаған. Ресей билігі "Азов" батальонын "националистер" деп, Мариупольді "националистердің астанасы" деп атайды. Киев қалада 10 мыңнан аса адам қалғанын, Ресей күштері оларды қаладан шығармай отырғанын айтқан.
Сәрсенбі күні кешкісін "Азов" батальонының командир орынбасары Святослав Паламарь видео үндеу арқылы Мариупольдан шығуға дайын екенін, бірақ беріліп, тұтқын болуға келіспейтінін мәлімдеген.