Марқұмдардың туыстары жылап қалды: Атыраудағы қанды қылмысқа қатысты күтпеген жайт болды

Марқұмдардың туыстары жылап қалды: Атыраудағы қанды қылмысқа қатысты күтпеген жайт болды
kznews.kz коллажы

Атырау облысы Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырыста куәгерлер қожайындары жоғалғаннан кейін олардың малына қалай қарағанын және марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің телефонынан келген хабарламалар туралы айтып берді, деп dalanews.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сотта соңғы болып жауап берген екі куәгер де Қарабалиндер отбасының малына қараған адамдар болып шықты.

Бірінші куәгер Жангелдин ауылы тұрғындарының малын бағумен айналысатынын айтты. Оның сөзінше, Мақсот Қарабалиннің малы да оның қарауында болған. Өткен жылдың күзінде ол жайылымда жүрген сиырларды өз қорасына кіргізген. Бұған отбасының көршісі үй иелерінің жоқ екенін айтып, малға қарап тұруды өтінген соң келіскен.

Куәгер әр сиырды баққаны үшін 4 мың теңгеден алып отырғанын жеткізді.

Екінші куәгердің айтуынша, отбасы кеткеннен кейін оған қорада қалған малды жемдеп, суарып тұру ұсынылған. Оған үй иелері Ташкентте емделіп жатыр деп айтылған. Бұл жұмысы үшін күніне 3 мың теңге төлеуге келіскен.

Куәгер ақшаның күн сайын емес, ара-тұра аударылып отырғанын айтты. Бұдан бөлек, қой баққаны үшін оған жеке 10 мың теңге төленген. Оның сөзінше, ақша аударымдары шамамен 23-25 қаңтарға дейін келіп тұрған.

Кейін Наурыз Мұқанғалиевтің нөмірінен WhatsApp арқылы ақшаның орнына бір баспақты алып кету туралы хабарлама келген.

"Қазір ақшам жоқ, бір баспақты алып кете аласың ба?" – деп куәгер хаттың мазмұнын жеткізді.

Осыдан кейін ол малды алып кеткенін айтты.

Кейін марқұмдардың туыстары малдың қайда кеткенін анықтай бастаған. Мақсот Қарабалиннің қарындасы куәгерден малдың не үшін сатылғанын сұраған.

"Мен мал сатуға қатысқан жоқпын. Олар өзара келісіп алған. Маған үй иелері Ташкентте жүр деп айтты. Мен олар жақында қайтып келеді деп ойладым", – деді куәгер сотта.

Куәгер хабарламалар өзінде Наурыз Мұқанғалиевтің нөмірі ретінде сақталған телефоннан келгенін айтты. Оның сөзінше, бұрын екеуі бірге намаз оқығандықтан, жазып отырған адамның Наурыз екеніне күмәнданбаған.

Судья қазіргі кезде телефон арқылы жасалатын алаяқтық жиілегенін еске салып, мұндай хабарламалар күдік тудыруы мүмкін екенін айтты. Алайда куәгер соңғы екі жылда Наурызбен араласпаса да, хатты сол адам жазып отыр деп ойлағанын жеткізді.

Сұрақ-жауап кезінде марқұм Мақсот Қарабалиннің қарындасы құжат бойынша ағасында 11 бас ірі қара болғанын айтты. Оның сөзінше, қазір он малдың ғана қайда екені белгілі, ал тағы бір сиырдың тағдыры беймәлім.

Куәгер өзіне қарауға 10 бас мал берілгенін айтып жауап берді. Сонымен қатар ол бұрын жайылымнан алып келген мал саны төрт емес, үш сиыр болғанын нақтылады. Оның айтуынша, бұл сандар отбасы иелігіндегі жалпы мал санымен байланысты емес.

Куәгерлерден жауап алу аяқталған соң сот іс материалдарын зерттеуге көшті.

Процеске қатысушыларға Жангелдин ауылындағы үйдің қорасынан табылған Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегін эксгумациялау барысы түсірілген бейнематериалдар көрсетілді.

Судья сүйек қалдықтары көрінетін кадрларды түсіруге және жариялауға тыйым салды. Оның айтуынша, мұндай көріністер адамдарға психологиялық тұрғыдан ауыр әсер етуі мүмкін. Ал қазба жұмыстары басталғанға дейінгі бейнежазбаны көрсетуге рұқсат берілді.

Материалдарды қарау кезінде марқұмның әпкелері көз жасына ерік берді. Ал айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев экранға қарап, бейнематериалдарды үнсіз бақылап тұрды.