Осы тапсырма аясында 2017 жылы аудан бойынша 107 баланы күндізгі қатынау бөлімшесіне өткізуді жоспарлап, осы шарамен 77 баланы қамтылған болатын. Ал биылғы меже — 160 баланы күндізгі қатынау бөлімшелерімен қамту.
«Бұл дегеніміз ауданымыздағы ешбір мүгедек бала ескерусіз, қолдаусыз, қамқорлықсыз қалмайды деген сөз. Себебі, ауданымыздағы әлеуметтік қызмет көрсету сапасы жылдан жылға жанданып келеді. Оған дәлел — осы орталықтың ашылуы. Елбасымыз қашанда балаларға қамқорлық жасап, мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар білдіріп келеді. Сондықтан сіздер үмітті ақтап, сабақты жақсы оқитындарыңызға, үлгілі де тәртіпті бала боп өсетіндеріңізге сенімім мол. Ендеше, сіздерді мерекемен құттықтай отырып, орталықты ашық деп жариялаймын!» — деді Жамантай Қанайұлы.
Ауданымыздағы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту мақсатында былтырғы жылы Жетісай қаласынан 25 мүмкіндігі шектеулі балаға арналған мүгедек балаларды оңалту орталығы ашылған болатын. Сол орталықта бір жылда 74 бала өз денсаулығын оңалтуға мүмкіндік алды. Міне, бүгін жаңадан ашылған «Асықата мүгедек балаларды оңалту орталығы» 25 мүмкіндігі шектеулі балаға тиісті қызметтер көрсететін болады.
Айта кетейік, бүгінде Мақтарал ауданында 11946 мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Оның 1832-сі 18 жасқа дейінгі балалар боп саналады. Жыл басынан бері 421 мүмкіндігі шектеулі балаға аудан әкімдігі тарапынан әлеуметтік қолдаулар көрсетілді. Сондай-ақ, балаларға 100 әлеуметтік қызметкер бөлінген.
Оңалту орталығының ашылу салтанатынан соң аудан әкімі Ж.Бейсенбаев Асықата кентінің мәдениет үйінде өткен қайырымдылық іс-шарасына қатысты. Балалар күніне орай ұйымдастырылған жиында 86 әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыға аудан әкімінің ұйытқы болуымен тегін азық-түлік үлестірілді.