Маңғыстау облысында екі жасөспірім оқушыны аяусыз соққыға жығып, болған оқиғаны видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жәбірленушінің әпкесінің айтуынша, оқиға таңертең болған. Інісі дүкенге шыққан кезде оны 16-17 жастағы екі жасөспірім күтіп тұрған. Олар мектеп оқушысын танысына қоңырау шалып, сыртқа шақыруға мәжбүрлеген. Алайда әлгі жасөспірім шығудан бас тартқан соң күдіктілер оқушыны ұрып-соғып, оны видеоға түсірген.
Осы оқиғадан кейін оқушы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер тексерістен кейін оны шұғыл түрде ауруханаға жатқызған. Туыстарының айтуынша, оның жағдайы әлі де ауыр.
Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысқандардың барлығы анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілген.