Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, вакцина алатын адамдардың тізімі жасалып, вакциналау үшін емханаларда арнайы егу бөлмелері дайындалған.
– Бүгін педагогтарға екпе салып бастап кеттік. Ұстаздар қауымы екпеін өз ерік-қалауларымен алып жатыр. Алдымен дәрігердің тексеруінен өтіп, жағдайларын анықтағаннан кейін екпеге рұқсат беріледі. Содан соң, егу кабинетіне барып, вакцина алады. Екпе алғандар арнайы тынығу бөлмесінде 30 минуттай болады. Ол жерде арнайы мамандар кеңес беріп, бақылайды. Қазіргі уақытта 11 адам вакцина алды. Кері әсері болған жоқ. Жағдайлары жақсы, – деді «Нейрон» емханасының бас дәрігері Нина Самаликова.
Мамандардың айтуынша, бүгін вакцина алғандар 21 күннен соң екінші компонентін ала бастайды. Яғни, әрбір екпе алатын қызметкерге СМС хабарлама келіп түседі.
– Бүгін міне екпе алуға емханаға келіп отырмын. Медицина мамандары өз қызметтерін жасап, күтіп алды. Алдымен тіркегеннен соң, егу кабинетіне жіберді. Егу бөлмесінде біздің көзімізше ампуладан дәрілерді алып, укол салды. Қазір міне, тынығу бөлмесіне келіп отырмыз. 20 минуттай болды. Ештеңе сезініп отырған жоқпын. Қалыпты жағдай. Бұдан қорқудың еш қажетті жоқ. Әрбір саналы азамат өзінің болашағы үшін, айналасындағы жандардың амандығы үшін екепе алу керек деп ойлаймын, – деді Ақтау қаласындағы 8-мектептің химия пәнінің мұғалімі Гүлшат Уалиева.