Мәмин Түркі кеңесінің туын алып шықты. Бұл ерлік - Türkiye газеті

Dalanews 11 ақп. 2021 06:32 1754

Түнеукүні премьер Мәмин Түркі кеңесінің төрағасы Бағдат Әміреевті қабылдағаны есімізде. Түрік басылымдары осы жүздесудегі мына бір детальға назар аударды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Жәй деталь емес, аса маңызды, бауырластықтың бойтұмары, тұтастық темірқазығы болуға лайықты ерекше деталь.

Ту! Түркі кеңесінің туы.

"Мұндай деңгейдегі ресми рәсімде Түркі кеңесінің туы алғаш рет премьердің желке тұсында Қазақстанның байрағымен қатар тұрды. Жүрек толқытқан осы сәт кейбіреудің назарынан қалыс қалғанмен біздің жадымыздан өше қойған жоқ.
Бұл бірінші кезекте тұтас түркі өркениетіне (басқаларға да) берілген белгі. Үндеу. Аса маңызды мәні бар саяси символ" - дейді Türkiye газеті.

Басылымның бұлай деуі тегін емес. Рас, бұған қатысты Үкіметбасы Мәминнің қандай пікірде екенін мына бізге беймәлім. Қос тудың қатар тұруын премьердің өзі құптаған болар, бәлкім одан жоғары деңгейде пәрмен берілген.

Қалай болған күнде бұл жәйтқа түрулі іргеден тас атып отырған теріскейдегі одақтасымыз бей-жай қарамасы анық.


Алдағы күндері Қазақстанды айыптаған, қаралаған пропаганданың жаңа порциясын төбемізден төге салуы ғажап емес. Кремль идеологтары бұл тудың шығу тарихын қазірден-ақ қотара, қопара зерттеуге көшсе таңғалмаймыз.

Иә, түрік басылымның түнеукүнгі рәсімге айрықша көңіл бөлгені, Қазақстанның ресми жалауымен қатар тұрған Түркі кеңесінің туына арнайы тоқталғаны тегін емес. Ол үшін, құрметті оқырман, сіздерді бұл тудың шығу тарихымен таныс етуіміз керек...
...
Тудың тұтастай алғандағы құрылымы, былайша айтқанда дизайны түркі әлемін бір жұдырыққа жұмылуға үндеп тұр.

Түркі кеңесінің байрағы Әзірбайжан жалауындағы жұлдыздардан, Түркия жалауындағы жарты айдан, Қазақстан мен Қырғызстанның жалауындағы шартарапқа шапағын шашқан күннен құралған. Тудың түсі біздің көк байрағымыз секілді аспан түстес.

Туды ең алғаш рет осыдан тоғыз жыл бұрын Түркі кеңесі құрылған шақта Тұңғыш президент Назарбаев пен сол тұстағы Түркия басшысы Абдұлла Гүл тұғырға қондырып, жалауын желбіреткен.

Біздің елдің Түркі кеңесінің байрағына аса жоғары деңгейде құрмет көрсетуі көрсетуі ненің белгісі?


Бауырлас елдің басылымы осы орайда сарапшылармен сауалдасып, олардың осы тараптағы ой-пікірін біліпті.
Анкарадағы Әлеуметтік зерттеулер университетінің оқытушысы, Түркиядағы әлеуметтік-саяси зерттеулер қорының директоры Мұрат Ешілташтың айтуынша бұл бауырластың байланыстарды бекіте түсуге бағытталған батыл қадам.

"Ұйым арқылы мұқым түркі өркениетін одақтастыру, біріктіру мұраты жатыр. Түркі кеңесін халықаралық саяси тақтаға шығарып, Еуроодақ тектес ұйымға айналдыру мақсатын айқын аңғарамыз.
Бұдан бөлек бұл түркітектес елдердің бірігу процесі басталып кеткенін, қан тартып тұратынын, тамырластық атты табиғи тартылысқа ешкім де тежеу қоя алмасын көрсетеді. Түркі дүниесі сан-салалы бағыттағы бауырластық байланысты тереңдете түседі", – дейді ол.

Ұлыдағы университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының оқытушысы, профессор Ферхат Пиринчи осы рәсімдегі премьер Асқар Маминнің позициясына айрықша тоқталыпты. Оның ойынша Түркі кеңесінің туын Қазақстан байрағымен қатар қоюға пәрмен берген премьердің өзі.

"Мәселен Еуроодақ осы ұйымның қоластына біріккен елдердің төбесінен қарайтын орган. Сондықтан одақтың жалауы осы ұйымға мүше мемлекеттердің туымен қатар тұруы хаттамаға сай.
Ал Түркі кеңесінің мұндай құзіреті жоқ. Ол халықаралық ұйымға жатпайды. Хаттама қағидасы бойынша премьер-министр Түркі кеңесінің төрағасын ұйымның туымен бірге қабылдауы міндетті емес.
Мәмин мұны білмеді емес, білді. Осы рәсімге Түркі кеңесінің туын алып кіруге ишарат еткен премьер-министр осы арқылы ұйымға сый-құрмет құрсетті, әрі ағайындас елдерге белгі белді.
Қазақстанның Түркі кеңесіне айрықша көңіл бөлетінін, болашағын осы ұйыммен тығыз байланыстыратынын аңғартты. Ұйымға қазақ азаматының төрағалық ететіні де Мәминнің тарапынан лайықты бағаланып, кездесудің маңызын арттыра түсті" - дейді сарапшы.
...
Жалпы бұл кездесу жайлы біраз нәрсе айтуға болады. Бағдат Әміреев Үкімет басшысына кеңестің жұмысына жасап жүрген екпінді қолдауы мен қазақстандық мемлекеттік-атқарушы мекемелерінің ұйымның күн тәртібіндегі мәселелерінің барлығына дерлік тиімді шешім табуына ықпал етіп жүргеніне алғысын жеткізді.

Премьер-Министр Түркі Кеңесінің қызметіне оң бағасын беріп, Қазақстанның алдағы уақытта да бірігіп жұмыс істеуге, ұйым шеңберіндегі ынтымықтастыққа толық қолдау беруге дайын екенін білдірді.

«Асқар Маминмен бірге түркі әлеміндегі болып жатқан саяси, экономикалық және қоғамдық оқиғалар төңірегінде және Түркі Кеңесі аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері туралы пікір алмастық. Сонымен қатар біз жақында Түркістан қаласында өтетін Түркі кеңесі мемлекет басшыларының саммитіне дайындық барысын, бұл жоғары деңгейдегі жиынның күн тәртібі және де осы маңызды оқиғаға байланысты бірқатар мәселелер ді талқылады», деді Түркі кеңесінің басшысы (дереккөз: Егемен Қазақстан, ред.).

Түрік басылымдары осы кездесудің одақтасу бағыттағы оң өзгерістерге себепші боларына сенімді.
"Түркі әлемін тұтастыру, ұланғайыр аумағы бар Тұран мемлекетінің қабырғасын қалау осы арқылы халықаралық саяси сахнада ойып тұрып алып, ата-баба аманатын орындауымыз керек. Осы мақсатқа жетпейінше маза жоқ.

Қазақстан осы бір ұлы миссияның ұйытқысы іспеттес. Қарашаңыраққа ие болып отырған да - қазақтар.
Түркі өркениеті Түркістаннан бастау алады. Атақоныста отырған Қазақстанға түбі бір түркі елдерін тұтастыру миссиясы жүктелгендей көрінеді", – дейді Türkiye газеті.
Бауырлас елдің ақпарат құралдары түнеукүнгі кездесу Түркі кеңесінің ықпалын арттырып, ұйымның саяси күшке айналарына сенімді.
Біздіңше Қазақстанның тарапынан жасалған  саяси қадам бірінші кезекте Түркияға ой салуы керек. Түркі кеңесінің құлашы кеңейіп, бірте-бірте Түркі одағына айналуына барлық тарап мүдделі болуға тиісті.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ



Dalanews.kz анықтамасы:


Türkiye газеті. Түркияның күнбе-күн жарық көретін басылымы. 1970 жылдың 22 сәуірінен «Hakikat» атауымен тарала бастады. 1972 жылдың 29 мамырынан бастап атауын өзгертті (Türkiye, ред).

Бүгіндері Türkiye елдегі оңшыл көзқарастағы аудиторияның сөзін сөйлейтін, ең ықпалды басылымның бірі. Таралым жағынан рекорд орнатқан да дәл осы газет. 1989 жылдың желтоқсанында оқырмандар газеттің 1 424 350 данасын сатып алды.

Басылымның қазіргі таралымы 150 мыңға жетеқабыл.
 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар