Қазақстанның жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Нұрлан Нұржанов Мәжілісте 2024 жылғы тексеру қорытындысы бойынша Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында (МӘМС) және оның филиалдарында табылған бұзушылықтар туралы айтып берді, деп жазады Dalanews.kz.
Тегін және ақылы қызметтегі сәйкессіздіктер
Бүгін, 27 қаңтарда Мәжілісте өткен Үкімет сағатында сөз сөйлеген Нұрлан Нұржанов атап өткендей, 2024 жылы жүргізілген аудит барысында бірыңғай төлем жүйесіндегі "ақылы қызметтер" және "МӘМС (ОСМС) пен ТМККК (ГОБМП) есебінен төленетін қызметтер" санаттары салыстырылып тексерілген.
"Бір адамға бір мезгілде ақылы да, ТМККК мен МӘМС есебінен де қызмет көрсетілген фактілер анықталды. Мұндай қосарланған қызмет саны 10,4 мыңға жеткен, жалпы сомасы – 4,2 млрд теңге", – деді Нұрлан Нұржанов.
56 млн қызметке қатысты құжатты таппай қалған
Аудитордың сөзінше, бірқатар медициналық қызметті атқарған қосымша орындаушыларда (соисполнители) 56 миллиондай көрсетілген медқызметке қатысты растайтын құжаттар болмай шыққан. Бұл қызметтердің жалпы құны – 28 млрд теңге.
Оның үстіне, МӘМС жүйесін жетілдіруге арналған Жол картасында (2023 жылға жоспарланған "e-Densaulyq" архитектурасындағы бірыңғай медициналық төлем жүйесін енгізу) ешқандай нәтижеге қол жеткізілмегені анықталды.
"Жүйені іске қосу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында ғана "Келісімшарт", "Мониторинг", "Төлем" модульдерін төрт өңірде пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр», – дейді Нұрлан Нұржанов.
Залал көлемі – 34 млрд теңге
Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы бойынша, анықталған фактілерден болған ықтимал шығын сомасы 34 млрд теңгені құрады.
"Осыған байланысты материалдар процесcуалдық шешім қабылдау үшін Бас прокуратураға жолданды", – деп сөзін түйіндеді Нұрлан Нұржанов.
Тақырыпқа орайлас жуырда сайтымызда "Дәрі-дәрмектердің қолдан қымбаттатылып отырғаны белгілі болды. "СҚ-Фармация не дейді?" деген мақала жарияланған болатын.