Дәрі-дәрмектердің қолдан қымбаттатылып отырғаны белгілі болды. "СҚ-Фармация" не дейді?

Кәмшат Тілеухан 23 қаң. 2025 09:44 1386

 
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дәрі-дәрмектерді көтерме сауда нарығындағы бәсекелестік жағдайды талдау барысында препараттар бағасының негізсіз өсуіне ықпал ететін бірқатар мәселені анықтады. Соның ішінде "СҚ-Фармацияға" "жасанды жолмен бағаны көтермеледі, әділ бәсекелестікті қолдауға мүдделі емес" деген сипатта айыптар тағылып отыр, деп жазады Dalanews.kz.
 
ҚР Бәсекелестік қорғау және дамыту агентігінің баспасөз қызметі агенттік емдік құралдардың бағасының негізсіз көтерілуіне себеп болып отырған факторлар ретінде Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік құқықтық актілерінің кемшіліктерін және оның қарамағындағы ұйымдардың жұмысындағы олқылықтарды атап өтеді.
"Мәселен, қолданыстағы бағалық шектеулерді қалыптастыру әдістемесі, көшірмеленген дәрі-дәрмектердің бағасын жасанды түрде көтеруге мүмкіндік береді, ал халықаралық тәжірибеде осындай дәрі-дәрмектер 30%-дан астам төмен бағамен сатылады", делінген агенттік талдауында.

Сондай-ақ "Ұлттық дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар сараптамасы орталығы" ШЖҚ РМК қызметіндегі маңызды кемшіліктер байқалуда, өйткені ол көрші елдердегі дәрі-дәрмек бағаларын үстірт салыстырып, тек өтініш берушілердің берген мәліметтерімен шектелетіні де айтылады.

Дәрі-дәрмектерді жеткізу рәсімдерінің шикілігі және "СҚ-Фармация" ЖШС өндірушілерден тікелей дәрі-дәрмектерді сатып алу бойынша жеткіліксіз бағытталуы да бюджеттік қаражаттардың ұлғаюына алып келуде
"Сонымен қатар, "СҚ-Фармация" ЖШС баға бәсекелестігін қолдауға мүдделі болмауының қаупі бар, себебі оның пайдасы сатып алынған дәрі-дәрмектердің құнынан 5%-дан 7%-ға дейінгі үстеме ақы арқылы қалыптасады. Бұл дегеніміз, дәрі-дәрмектің бағасы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым Біріңғай дистрибьютор көбірек пайда табатынын білдіреді. Аталған тәуекелдерді алдын алу үшін агенттік Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне ықпал ететін себептерді жою бойынша шаралар қабылдау қажеттілігі туралы ұсынымдар берді. 2024 жылғы 25 желтоқсанда жауапты орган дәрі-дәрмектердің бағаларын қалыптастыру және үстемелер бойынша ережелерге өзгерістер енгізді. Бұл ретте бағаларды реттеу әдісінде өзгерістер жасалды", делінген агенттік айыптауында.

Бағаларды салыстыру үшін баламалы ақпарат көздерін енгізу, генерикалық препараттардың бағасын түпнұсқа дәрі-дәрмек бағасынан 30%-ға төмендету, дәрі-дәрмектің құнына енгізілетін қосымша шығындарды азайту және үстемелерді қайта қарастыру көзделді.

Өз кезегінде "СҚ-Фармация" ЖШС агенттік жасаған бұл айыптауларға қатысты іле-шала жауап қатты.Компания негізсіз баға мәселесімен күресу үшін отандық дәрі-дәрмектерді сатып алудың алгоритмін ұсынды.
"СҚ-Фармация" ЖШС дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тиімді уақтылы сатып алу, сондай-ақ бәсекелестікке қарсы нормаларды болдырмау мақсатында отандық және шетелдік өндірушілерден сатып алу тәртібін өзгерту жөнінде ұсыныстар енгізді", деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі "СҚ-Фармация" енгізген ұсыныстарды ескере отырып, бұрынғы нормаларды қайта қарап, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды ұйымдастыру мен өткізудің жаңа қағидаларын бекітті (ҚР ДСМ 2023 жылғы 7 маусымдағы № 110 бұйрығы).

"Енді өтінімдер болмаған жағдайда немесе әлеуетті өнім берушіден бір өтінім берілген кезде сатып алу өткізілмеген деп танылады. Осыдан кейін тікелей дәрілік заттарды немесе медициналық бұйымдарды өндірушілерге шақырулар жіберіледі. Сатып алу дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілерден тікелей сатып алуға бағытталады деп пайымдаймыз", - дейді компаниядағылар.

Тендер тәсілімен сатып алу сәйкес келмейтін өтінімдерге жол бермейтін белгіленген талаптарға сәйкес және "Электрондық қаржы орталығы" АҚ сатып алу порталы арқылы электрондық түрде жүзеге асырылатынын атап өту қажет. Бұл жеткізушіні таңдау кезінде адами факторды жояды, осылайша сатып алу процедурасының ашықтығын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, "СҚ-Фармация" БҰҰ-ның халықаралық ұйымдары (БҰҰДБ, ЮНИСЕФ, СТОП ТБ) арқылы сатып алуды жүзеге асырады, соның арқасында препараттар төмендетілген бағамен (шоғырландырылған халықаралық көлемді сатып алу есебінен) сатып алынады, бұл пациенттерді қамту деңгейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

ҚР "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 7-бабына сәйкес ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға шекті бағалар мен үстеме бағаларды қалыптастыру қағидаларын, сондай-ақ шекті бағалар мен үстеме бағалардың тізбесін әзірлейді және бекітеді.

"СҚ-Фармация" ЖШС дәрі-дәрмектерді белгіленген шекті бағадан аспайтын бағамен сатып алады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін министрлік дәрілік заттардың бағасын реттеудің жаңа тетігін бекітті, ол ТМККК, МӘМС шеңберінде ем алатын және дәріханалардың бөлшек сауда желісінде пациенттерді қамтамасыз ету үшін сатылатын препараттардың шекті құнын төмендетуді көздейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар