Мәжіліс депутаттары баласы мен науқас туысына қарайтын ата-аналар үшін жұмыс уақытын қысқартуды ұсынды

Қаракөз Амантай 19 қар. 2025 13:49

Мәжіліс депутаттары балаларға және қамқорлықты қажет ететін туыстарына қарап, жұмысын қатар атқаратын ата-аналардың жұмыс уақытын қысқартуды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат Ажар Сағындықованың айтуынша, әйелдер күніне шамамен 13 сағатын жұмыс пен үй шаруасына жұмсайды. Бұл олардың созылмалы шаршауына және күйзеліске ұшырауына себеп болып отыр.

Ұсынысқа сәйкес, мұндай азаматтарға жалақысы мен әлеуметтік кепілдіктерін сақтай отырып, қысқартылған жұмыс уақытын заң жүзінде бекіту қарастырылып жатыр. Сондай-ақ икемді жұмыс кестесі, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі және күтімге арналған "жылжымалы жұмыс кестесін" енгізу ұсынылды.

Депутат Қарақат Әбден бұл бастаманы жеңілдік емес, бала болашағы мен отбасы тұрақтылығына жасалатын инвестиция деп атады. Оның айтуынша, кішкентай баласы бар ата-аналарды қолдау - стратегиялық маңызы бар қадам.

Сонымен қатар балаларға немесе науқас туыстарына қарайтын ата-аналар үшін қысқартылған жұмыс аптасын енгізуге бағытталған пилоттық жоба іске қосылмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар