Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Жомарт" кенішіндегі апат жеті адамның өмірін жалмады. Алдын ала дерек бойынша, төтенше жағдайға табиғи газдың жарылысы себеп болып, жер опырылған.
"Бұл кәсіпорын басшылығының жауапкершілік жүгін жеңілдетпейді" дейді осы орайда Dalanews-ке пікір білдірген депутат Ерлан Сайыров.
Мәжілісмен мәлім еткендей, еліміздегі өндіріс орындарының тең жартысынан астамы ескірген, бұл сол жердің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жұмысшылардың өміріне үлкен қатер төндіреді.
Сайыров тау-кен кәсіпорындары басшыларының еңбек қауіпсіздігіне тікелей жауапты болуын заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынып отыр.
Депутаттың айтуынша, өндірістік қауіпсіздік мәселесіне көптеген кәсіпорын салғырт қарайды.
"Техникалық қауіпсіздік талаптары әншейін формализмге айналып кеткен", – дейді ол.
Сайыров еңбек қатынастарын жетілдіру аясында Мәжілісте техникалық инспекторлардың құзыретін кеңейту мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар ол өндіріс орнының менеджментіне де қауіпсіздік талаптарын орындамаған жағдайда қатаң шара қолданылуы керегін атап өтті.
"Егер еңбек режимі бұзылып, техникалық қауіпсіздік сақталмаған фактілер анықталса, кәсіпорын басшылығы тікелей жауапқа тартылуы тиіс! Бұл – жеке бір кен орнының ғана емес, бүкіл елдегі өндірістік кәсіпорындардың мәселесі. Еңбек қауіпсіздігіне инвестицияны арттыру мемлекеттік деңгейде шешілуі қажет", – дейді Ерлан Сайыров.
Айта кетелік, "Қазақмысқа" миллиардер Владимир Ким мен Эдуард Огай иелік етеді. Forbes Кимнің байлығын 3,6 млрд долларға бағалаған.
Жеті жұмысшының өмірін жалмаған трагедиядан кейін түнеукүні "жеке мақсатқа" деп ұшақ сатып алған "Қазақмыс" басшылығының әрекеті қайтадан күн тәртібіне оралып отыр.
"Қазақмыс" ұшақ сатып алғанша, өндірістің қауіпсіздігін қамтамасыз етпей ме? Олигархтар Қазақстанның орны толмайтын ресурстарын эксплуатация жасап жатыр. Олардың біздің халқымыздың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілігі жоғары болуы керек", - деген болатын осы орайда депутат Сайыров.
"Қазақмысқа" қарасты "Жомарт" кенішіндегі апаттан 7 шахтер қаза тапты, оларды құтқару мүмкін болмады. Марқұмдардың денесі үйінді астынан табылып, 1500 метрден жер бетіне шығарылды. Полиция мәйіттерді сот-медициналық сараптамаға тапсырды.
Алдын ала дерек бойынша, төтенше жағдайға табиғи газдың жарылысы себеп болып, жер опырылған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
"Жомарт" кеніші Жезқазғаннан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.