Құзырлы орган кезінде Болат Назарбаевтың да үлесі болған Алматы ауыр машина жасау зауытының мүлкін заңсыз сату фактілерін анықтаған болатын. Күні бүгін зауытқа 97 тұрғын үйге жатпайтын үй-жай қайтарылды, деп жазады Dalanews.kz.
Алматы қалалық прокуратурасының қадағалау актісін орындау шеңберінде Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті сотқа мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен жүгінді.
"Талап-арыздың мазмұны аталған зауытқа 37 гектар астам жер учаскесін және жалпы ауданы 79 966 шаршы метрді құрайтын 94 тұрғын ұйге жатпайтын үй-жайды қайтаруға байланысты", делінген қалалық прокуратура ұсынған ресми мәліметте.
Сот талапкердің талаптарын қанағаттандырды, апелляциялық саты шешімді күшінде қалдырды. Осылайша кезінде Болат Назарбаев талан-таражға сала жаздаған зауыт бүгіндері қалпына келу күйін кешуде.
Негізі, зауыт жұмысшылары сонау 2009 жылы "бізді таратқалы жатыр" деп дабыл қаққан. Ол кезде Болат Назарбаев акционерлік қоғам акциясының 86 пайызына иелік еткен көрінеді. Бірақ оны зауыт жұмысы да, табысы да қызықтырмапты, есесіне орналасқан жері жегі құрттай көкейін тескен. Сөйтіп ол құрығын сілтеп, зауыттың территориясын шетінен "кеміре" бастайды. Ал 2023 жылы Болат Назарбаевтың қолында зауыт акциясының 31,9%-ы бары белгілі болды. Онда да осы кезеңде Жоғары сотта іс қаралады. Нақтысында Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Болат Назарбаевқа қолындағы үлесті мемлекетке қайтаруды міндеттейді.
"Болат Назарбаев пен "PLS-ТМ" ЖШС арасында жарғылық капиталдың 31,9%-ын құрайтын "Алматы ауыр машина жасау зауыты" АҚ атаулы акцияларын сату бөлігінде жасалған 2009 жылғы 2 сәуірдегі бағалы қағаздарды сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылсын", делінген сол кездегі сот алқасының қаулысында.
Белгілі болғандай, 1998 жылы ақпан айында Мемлекеттік мүлік департаменті "Алматы ауыр машина жасау зауыты" АҚ жарғылық қорының 31,9% көлеміндегі мемлекеттік пакет акцияларын "Темір Кон" ЖШС-іне 105,3 млн теңгеге сатты. Сатып алу-сату шарты зауыт қызметін сақтау, өндіріс көлемін ұлғайту туралы талаптарды, комитеттің олардың орындалуын бақылау құқығын көздеді.
2007 жылдың сәуірінде "Темір Кон" ЖШС "Алматы ауыр машина жасау зауыты" АҚ жарғылық капиталының 86,78% акциясын Болат Назарбаевқа сатты. Акциялардың 31,9%-ы мемлекеттік тиесілі еді. Екі жылдан соң Мемлекеттік мүлік комитеті, "Темір Кон" ЖШС және Болат Назарбаев 1998 жылы жасалған шарт бойынша міндеттемедегі тұлғаларды өзгерту туралы келісім жасасты.
Құжатта Болат Назарбаев талаптарды орындамаған жайдайда, онда ол мемлекеттік акциялар пакетін комитетке қайтаруға міндетті екендігі көрсетілген. Бірақ бұл келісім жасалғаннан кейін Болат Назарбаев зауыттың 398 мың 246 жай акциясын, оның ішінде мемлекеттік пакетті "PLS-ТМ" ЖШС-ге сатып жіберді. Қаулыда Болат Назарбаевтың комитеттің келісімінсіз "PLS ТМ" ЖШС-інен даулы акцияларды иеліктен шығаруға құқығы жоқ екендігі көрсетіліп, бұл мәміле жарамсыз деп танылды.