Төтенше жағдайлардың алдын алу экожүйені қалпына келтіруден басталады — сарапшы

Қаракөз Амантай 29 қаз. 2025 18:00

Төтенше жағдайлардың алдын алу мен экожүйені қалпына келтіру өзара тығыз байланысты процесс. Экологиялық сарапшы Арман Өтеповтің айтуынша, елімізде жиілеп кеткен су тасқыны, құрғақшылық және жел эрозиясы сияқты табиғи апаттардың негізгі себебі су айналымының бұзылуымен байланысты. Сарапшының пікірінше, климаттың өзгерісіне қарсы күресте тек көмірқышқыл газының мөлшерін азайту жеткіліксіз. Ең маңыздысы - экожүйелерді қалпына келтіріп, жердің су сіңіру қабілетін арттыру. Бұл жайында ол Dalanews.kz агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және экожүйелерді қалпына келтіру

Өтеповтің айтуынша, табиғатқа негізделген шешімдерді енгізу төтенше жағдайлардың алдын алып, жердің құнарлылығын сақтауға мүмкіндік береді.

"Климаттың өзгеруі жаңа су көздерін әкеліп жатқан жоқ. Бар су сол қалпында, бірақ жер мен атмосфера арасындағы айналым бұзылған. Яғни, жауын-шашын жерге сіңбей, бетімен ағып кетеді. Бұл өз кезегінде тасқындарға, ал жазда – құрғақшылыққа әкеледі. Нәтижесінде бір жылдың өзінде бір өңірде әрі су тасқыны, әрі құрғақшылық тіркеліп отыр", – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, қазіргі таңда климаттың әсерін азайту бойынша әрекеттер негізінен көмірқышқыл газының шығарындыларын қысқартуға бағытталған.

"Соңғы зерттеулер көрсеткендей, экожүйелерді қалпына келтірусіз климаттың әсерін азайту мүмкін емес. Ең бастысы – топырақтың су сіңіру қабілетін арттыру. Әлем қазір инженерлік шешімдерден гөрі табиғатқа негізделген шешімдерге (nature-based solutions) бет бұрып отыр. Су түскен жерде қалуы керек. Ал бізде су жерге сіңбей, ағып кетіп жатыр, себебі топырақтың ылғал сіңіру қасиеті әлсіреген", – дейді сарапшы.

Арман Өтепов табиғатты қалпына келтірудің тиімді әдісі ретінде Лукин-Потапенко әдісін мысалға келтірді.

"Бұл әдіс алғаш рет Ресейдің Чувашия аймағында қолданылған. Оның мәні – жер бедерін ескере отырып, су ағынын бәсеңдететін көлденең арықтар (волоканавалар) қазу. Арықтардың бойына жергілікті өсімдіктер мен ағаштар отырғызылады. Олар тамыры арқылы суды ұстап, жердің ылғалын сақтайды. Арық түбіне шөп пен жапырақ қалдықтары төселеді, бұл жердің қатуын болдырмай, ылғалдың сақталуын қамтамасыз етеді. Уақыт өте келе мұндай аймақтарда орман белдеулері пайда болады", – дейді сарапшы.

Бұл тәсіл Чувашияда жер өнімділігін 40%-ға арттырып, бұрын құрғап қалған бұлақтардың қайта пайда болуына әсер еткен. Арман Өтеповтің айтуынша, дәл осындай тәжірибені Жетісу облысында немесе Іле–Балқаш бассейнінде қолдану үлкен экологиялық және экономикалық тиімділік береді.

"Судың жерге сіңуін арттыру арқылы біз бірден төрт мәселені шешеміз:

– төтенше жағдайлардың алдын аламыз,

– жердің құнарлылығын арттырамыз,

– жер асты суларының қорын толықтырамыз,

– ауыл шаруашылығын тұрақты дамуға бағыттаймыз.

Бұл – табиғаттың өз заңдылығына сүйенген, арзан әрі ұзақмерзімді шешім", – деді сарапшы.

Интеграцияның қажеттілігі

Арман Өтепов төтенше жағдайлар мен экологиялық мәселелерді тиімді шешу үшін ведомствоаралық интеграцияның маңызы зор екенін атап өтті.

"Қазір су, жер және экология мәселелерін әр министрлік өз бетінше шешеді. Ал табиғи процестер өзара тығыз байланысты. Сол себепті жоспарлау кезінде ландшафттық тәсілді қолдану керек. Бұл – жердің үстіңгі қабаты, жер асты және атмосфералық процестерді біртұтас экожүйе ретінде қарау деген сөз", – дейді сарапшы.

Ол экологиялық тепе-теңдік пен жердің қалпына келуі - тек табиғатты қорғау шарасы емес, төтенше жағдайлардың алдын алудың ең сенімді жолы екенін айтты.

"Табиғатпен күресу емес, онымен үндесу керек. Егер экожүйені қалпына келтірсек, табиғаттың өзі бізді қорғайды", – деп түйіндеді Арман Өтепов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар