Күйеуге шығу дәстүр талабы ма, жүрек қалауы ма?

 Асель Қайратқызы 19 қыр. 2025 11:56

Қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан салт - дәстүрлер ұлттың рухани тірегі болып келеді. Алайда кейбір "дәстүр" деген атпен бүркемеленген әрекеттер бүгінгі күннің заңына да, заман талабына да сыймайды. Соның бірі - қыз алып қашу. Біреулер үшін бұл - көнеден қалған дәстүр, біреулер үшін - зорлықтың, қайғының бастамасы.

Қыз алып қашу-әдебиеттегі көлеңкелі шындық

Қыз алып қашу тақырыбы - әдебиетте әрқалай бейнеленген. Кей де ол дәстүр ретінде көрсетілсе, кей шығармаларда бұл құбылыс қайғы мен күрестің, зорлықтың көрінісі ретінде ашылады.

Классикалық прозадағы бейнелер

Жазба әдебиетте де қыз алып қашу мәселесі түрлі қырынан сипатталған. Қазақ қаламгерлері бқл құбылысты кейде әлеуметтік сын ретінде, кейде дәстүрлі сана мен өзгермелі қоғам арасындағы күрес ретінде көрсетті.

Ілияс Есенберлин - "Көшпенділер" трилогиясы

Бұл тарихи роман-эпопеяда ел билеушілері мен қарапайым халық арасындағы қатынастар, дәстүр мен саясат араласқан шынайы оқиғалар суреттеледі. Мұнда қыз алып қашу саяси мақсатта, тіпті кек алудың құралы ретінде де қолданылатын тұстары бар. Бұл - алып қашудың махаббат емес, билік пен басқыншылық құралына айналғанын көрсетеді.

Мұхтар Әуезов - "Абай жолы" эпопеясы

Әуезовтің "Абай жолы" романында қазақ қоғамының ішкі қайшылықтары, салт-дәстүр мен жеке таңдау еркіндігі арасындағы күрделі байланыс көркем бейнеленеді. Онда еріксіз неке, атастыру, қыздың таңдау құқығы болмауы - жиі көтерілетін әлеуметтік мәселелердің бірі. Алып қашу тікелей болмаса да, әйелдің тағдырына өз еркінен тыс шешім қабылдануы өткір сыналады.

Қазіргі таңда қарапайым өмірде де осындай дәстүрге тап болған әйелдер көп. Астана қаласында тұратын Мадина К. айтуы бойынша:

"Бұл жағдай менің есімде әлі тұр. Сол күні таңертең аялдамада тұрған жерден  қара түсті көлік жанымнан келіп тоқтады. Екі жігіт мені көлікке итеріп кіргізді. Қарсыласуға шамам келмеді. Кейін бір үйге келіп тоқтады. Есіктің алдына дастарқан жайылып, әйелдер шашу шашып, менің басыма ақ орамал жаба бастады. Мен келіспей жатқан кезде үлкен жастағы бір әйел табалдырыққа жатып алды. "Менің үстімнен аттап өтсең, бағын ашылмайды, саған теріс батамды беремін" деп мені көндіруге тырысты. Бірақ мен қайтпай, қашып кеттім",- дейді біздің кейіпкеріміз.

"Қашан тұрмысқа шығасың?" - мәңгі сұрақ

Мейлі ол табысты маман болсын, шетелде оқысын, ғылыммен айналыссын, бәрібір нәзік жандыларға қазақ қоғамында қойылатын сұрақ біреу:

"Қашан тұрмысқа шығасың?"

Ал егер жасы 25-тен асса, туыстар мен көршілердің әңгімесі күшейе түседі. Қыздарды "кәрі қыз", "жасы келіп қалған", "қыз бала жас кезінде тұрмысқа шығуы керек" деп қыздың өзіне де, отбасына да рухани ауыртпалық әкеледі. Нәтижесінде кейбір қыздар өзінің шынайы қалауын емес, қоғамның талабын орындауға тырысады. Осыдан кейін еріксіз, тек уақыттан ұялып жасалған некелер көбейіп жатыр.

Қоғамдық қысым көбіне "ұлтымыздың тәрбиесі", "салт-дәстүр" деген желеумен бүркемеленеді. Алайда, шын мәнінде бұл- жеке адам құқығын шектеу. Шын ұят- қыздың өз өмірін сүре алмай, қоғамның үмітін орындау үшін өмір сүруі.

Әлемдік тәжірибегі алып-қашу: Зорлық ешқашан дәстүр бола алмайды

Қыз алып қашу - тек Орта Азияға тән құбылыс емес. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлем бойынша 15 миллионнан астам қыз бала мәжбүрлі некеге тап болады. Оның көпшілігі- алып қашу немесе отбасылық қысым арқылы жүзеге асады.

Қырғызстан

Қыз алып қашу оқиғалары жиі кездесетін елдердің бірі. 2018 жылы Айзада Канатбекова атты қызды алып қашып, кейін өлтіріп кеткен қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды.

Эфиопия

Бір кездері қыз алып қашу «нормасы» қалыпты құбылысқа айналған Эфиопияда 10-13 жастағы қыздарды күйеуге беру жиі кездесетін. Қазір бұл әрекет қатаң тыйым салынған, бірақ ауылдық аймақтарда әлі де кездеседі.

Үндістан мен Непал

Кейбір штаттарда ата-аналардың келісімінсіз үйлену - қоғам тарапынан қабылданбайтын әрекет. Мұндай жағдайдайларда жас жұптар зорлық – зомбылыққа тап болады. Қыз алып қашу- мұнда да мәжбүрлі некеге апаратын бірден-бір жол ретінде қарастырылады.

Біреулер мұны махаббаттың көрінісі деп ақтағысы келсе, енді біреулер - ұлттық болмыстың қалдығы ретінде бағалайды. Ал шын мәнінде, қыз алып қашу - зорлық- зомбылықтың, психологиялық қысым мен адам құқығын таптаудың айқын көрінісі. Қазір бұл әрекет Қазақстанда да, әлем елдерінде де қылмыстық жазаға тартылатын ауыр құқық бұзушылыққа айналды.

Қазақстанда қыз алып қашу әрекеттері көбіне ауылдық жерлерде тіркеледі. Алайда құқық қорғау органдары статистиканың нақты көрініс бермейтінін айтады. Себебі көп жағдайда жәбірленушілер арыз жазудан бас тартады немесе отбасылық қысымнан қорқады.

2025 жылы Қазақстан Қылмыстық кодексіне маңызды өзгерістер енгізді:

Бұрын жәбірленушіні ерікті түрде босатқан адам жауапкершіліктен босатылатын.

Енді бұл норма алынып тасталды. Қыз алып қашқан кез келген адам қылмыстық жауапқа тартылады, жәбірленушінің кейін босатылғаны ескерілмейді.

Сонымен қатар, жаңадан енгізілген 125-1-бап "некеге мәжбүрлеу" - арқылы қылмыстық іс қозғалатын болады.

Бұл - Қазақстанда әйелдердің жеке таңдау еркіндігін қорғау жолындағы маңызды заңнамалық қадам.                                                                                                        


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар