Қазақстанда қылмыстық рақымшылыққа ілікпейтін қылмыстар мен азаматтар санаты аталды

Қазақстанда қылмыстық рақымшылыққа ілікпейтін қылмыстар мен азаматтар санаты аталды
Polisia.kz

2026 жылғы 6 мамырда Ішкі істер министрлігінде ІІМ вице-министрі Санжар Әділов қылмыстық және әкімшілік рақымшылыққа қатысты алдын ала ұстанымдар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Вице-министрдің айтуынша, рақымшылық мәселесі бойынша жұмыс әлі жалғасады. Қазіргі уақытта қылмыстық рақымшылыққа қатысты жұмыс тобы алдын ала ұсыныстарды әзірлеп жатыр.

Қылмыстық жауапкершіліктен тергеу сатысында жүрген, онша ауыр емес қылмыс жасаған, қылмыстық теріс қылыққа барған, сондай-ақ орташа ауыр қылмыс жасаған және зиян келтірмеген тұлғалар босатылады. Сонымен қатар бас бостандығынан айыру орындарында отырған, онша ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған, бірақ залалды өтемеген сотталғандар да рақымшылыққа ілігеді.

Санжар Әділов сондай-ақ рақымшылық келесі санаттағы адамдарға қолданылмайтынын атап өтті: экстремистік және террористік қылмыс жасағандар, азаптауға барғандар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін сотталғандар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігін бұзғандар, сондай-ақ сырттай сотталғандар.

Сонымен қатар жазасының соңғы бір жылы қалған сотталғандарға амнистия қолданылуы мүмкін екені айтылды.

Әкімшілік амнистияға қатысты ведомствоаралық жұмыс жалғасып жатыр, ал келесі аптада нақты ұстанымдар жарияланады. 

Қазақстанда әкімшілік профилактика субъектілері ретінде 70-тен астам мемлекеттік орган бар, оның ішінде 15 мемлекеттік орган амнистия қолдану жөнінде ұсыныстар енгізген. 

Журналистер әкімшілік рақымшылық аясында, оның ішінде жылдамдықты асыру бойынша салынған айыппұлдардың кешірілуі мүмкін бе деген сұрақ қойды. Бұл мәселе бойынша әзірге нақты тәсілдер әзірленіп жатыр, ал соңғы шешім Парламентте қаралады.