Күршім ауданы Қаратоғай ауылында күн райының жылып, жаңбырдың жаууына байланысты, таулы беткейлерден еріген су ағындары тұрғын үйлерді су басу қаупін туғызды, деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімдігіне сілтеме жасап.
Алайда, жергілікті билік пен жол қызметтерінің жедел әрекеттерінің арқасында жағдай бақылауға алынды.
Әкімдіктің мәліметінше, қазір ауылдың айналасындағы барлық ықтимал қауіпті аймақтар құм салынған қаптармен нығайтылған. Бұл жұмысқа жергілікті мекемелер қызметкерлерінің ішінен 40 адам және №68303 әскери бөлімінен 25 адам жұмылдырылды.
-Қалғұты ауылдық округіндегі тұрғын үйлерді су басу қаупін жою үшін Қаратоғай ауылының арықтарын тазартуға және кеңейтуге екі арнайы техника, бір МТЗ-82 тракторы және «Күршім» коммуналдық шаруашылығының бір экскаваторы жіберілді. Қазір ауылда аудан әкімінің орынбасары және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, сондай – ақ саланың басқа да жауапты өкілдері бар, - делінген аудан әкімдігінің хабарламасында.
Жағдай жергілікті атқарушы билік пен төтенше жағдайлар қызметінің толық бақылауында.