Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қандастарға арналған Kaztest жүйесін сынға алып, оны Конституцияға қайшы әрі этникалық қазақтарға жасалған жасанды кедергі деп атады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, қазіргі Kaztest жүйесі қазақ тілін ана тілі ретінде білетін қандастарға емес, тілді оқулық арқылы үйренген адамдарға бейімделіп жасалған.
«Емтиханның өзі қазақ тілін оқулық арқылы оқыған, қазақ тілі ана тілі емес адамдарға ыңғайланып жасалған. Бағдарламаның өзі солай құрылған. Барлығы латын қарпінде, тапсырмалар да латын қарпінде. Яғни латын әліпбиіндегі грамматиканы оқығандарға арналған. Ал не болды? Біз заңның өзінде Kaztest қандастарға, этникалық қазақтарға қолданылмайды деп жаздық. Неге? Өйткені Қытайдағы қазақтар кириллицаны білмейді, басқа әліпбиді қолданады. Мысалы, Өзбекстан әлдеқашан латын қарпіне көшті, Түркияда да қазақтар тұрады. Олар қазақ тілін өте жақсы біледі. Бірақ біз не үшін оларды 50 жасында кириллицаға қайта үйретуіміз керек? Оның үстіне өзіміз де болашақта латын қарпіне көшеміз деп отырмыз. Заңда нақты жазылғаннан кейін Үкімет бұл пилоттық жобаны қабылдамауы керек еді. Бірақ бізді ескертпей қабылдап жіберді. Қазір Қазақстанға көшуге дайын тұрған қандастар Kaztest-тегі әріптердің өзін түсінбей отыр. Егер оларға Қытайда немесе Өзбекстанда оқыған әліпбимен берсе, бәрін түсінер еді. Олар қазақша өте жақсы сөйлейді. Бұл қолдан жасалған кедергі», - деді Әбенов.
Ол бірінші вице-министр Ербол Тұяқбаевтың жауабынан шенеуніктер қандастар мен Қазақстанға жұмыс істеуге келетін өзге этнос өкілдерінің арасын айырмайтынын түсінгенін айтты.
«Қандас болсын, басқа этнос өкілі болсын, шетелден Қазақстанға жұмыс істеуге келсе, бәріне бірдей талап қоямыз дейді. Бірақ онда қандас мәртебесі не үшін керек? Сіздер адамдар көшіп келе жатқанда, жыл басында ойын ережесін өзгертіп жібердіңіздер. Бұрын адам өзі қалаған жерге барып тұра алатын. Тек мемлекеттен көмек алса ғана белгілі өңірлерге баратын. Енді оны да өзгертті. Қазір мыңдаған қандас мәртебе ала алмай жүр. Олар бұрынғы елінде жұмысынан шығып, жобаларын жауып, бәрімен қоштасып келді. Мұнда келсе, күтпеген әрі жағымсыз жаңалық шықты. Бізде кадр тапшылығы көп екенін де айтуымыз керек. Бұл тек қандастарға жасалған жақсылық емес, бұл экономика қажеттілігі. Мен жуырда Алматыдағы кеңселердің бірінде болдым, аграрлық салада көптеген пәкістандықтар жұмыс істеп жүр. Ал оны қандастар атқара алар еді. Қытайдағы қазақтар пайдалы өсімдіктер өсіруді жақсы біледі. Моңғолиядан келген қазақтар мал өсіре алады. Бұл — дайын кадрлар. Бірақ біз оларға жасанды кедергі жасап отырмыз. Қазір бұған ренжіп жүргендер көп», - деді депутат.
Әбенов Kaztest 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілгенін айтты.
«Негізі заңда Kaztest қандастарға қолданылмайды деп жазылған. Бірақ Үкімет заңға да, Конституцияға да қарсы келетін уақытша шешім қабылдап отыр. Бұл үлкен наразылық туғызды. Маған тек қандастардан 500-ге жуық хат келді. Олар: “Бұрын уәде беріп, енді неге заңсыз түрде бізге қарсы осындай шешім қабылдадыңыздар?” дейді. Яғни басқа этнос өкілдері Алматыда да, Астанада да еркін тұра алады, өз орнын өзі таңдай алады. Бір-екі сабақ оқып, Kaztest тапсырады. Ал қандастарға бәрін қиындатып қойдық», - деді Әбенов.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Kaztest тек базалық тіл талабын тексеретінін мәлімдеді.
«Өздеріңіз де барып тапсырып көріңіздер. Онда қиын ештеңе жоқ. Жеңіл сұрақтар. Барлығы 60 сұрақ. Өту үшін 70% жинау керек. Бұл не үшін қажет? Бұл халықаралық тәжірибе. Егер адам осы елде өмір сүріп, тағдырын осы мемлекетпен байланыстырғысы келсе, ол ең болмаса мемлекеттік тілді базалық деңгейде білуі тиіс. Біздің мақсатымыз сол. Ал егер адамның мақсаты осы жерде жұмыс істеп, табыс тауып, салық төлеу болса, біз керісінше ондай адамдарға көмектесеміз, кедергілерді азайтамыз. Әсіресе жоғары білікті мамандарға. Бірақ әр өтініш берушінің қажеттілігіне қарай бірнеше тілде тест енгізе алмаймыз», - деді Тұяқбаев.