Майлиннің ескерткішіне шығып алған қыз қомақты айыппұл төлейтін болды

Майлиннің ескерткішіне шығып алған қыз қомақты айыппұл төлейтін болды
видео кадры

Бейімбет Майлин ескерткішінің үстіне шығып видеоға түскен қызға 216 250 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Астанада 18 жастағы қыз ескерткішке шығып видео түсіргені үшін жауапқа тартылды. Оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабының 4-бөлігі бойынша айып тағылды.

Полиция өкілдері мәдени нысандар мен тарихи мұраларға ұқыптылықпен қарап, қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтауға шақырды.

Видеоны журналист Дүйсенәлі Әлімақын түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Оның айтуынша, оқиға куәгері ретінде қыздарға жақындап, монументте кімдер бейнеленгенін сұраған. Алайда олар бір-біріне аң-таң болып қарап, нақты жауап бере алмаған.

— Ұялған да жоқ, кешірім де сұрамады, — дейді журналист.

Жазбадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары қыздың әрекетін сынға алып, қызу пікірталас басталды.

Кейін полиция тәртіп бұзушының жеке басын анықтап, 18 жастағы қызды бөлімшеге жеткізген. Оған қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік шара қолданылып, материалдар сотқа жолданды.