Қазақстанда косметологиялық операциялардан кейін пациенттердің көз жұмуына байланысты жекеменшік клиникаларды тексеру күшейтілуі мүмкін. Бұл туралы Сенат кулуарында Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, Алматы мен Ақтаудағы жекеменшік клиникаларға қатысты тексеру материалдары құқықтық баға беру үшін прокуратура мен құқық қорғау органдарына жолданған.
– Материалдар прокуратураға және құқық қорғау органдарына құқықтық баға беру үшін берілді. Сондықтан нәтижелері олар қарағаннан кейін жарияланады, – деді Жүсіпов.
Комитет төрағасы тексеру барысында клиникалар қызметінен қандай да бір заңбұзушылықтар анықталған-анықталмағанын нақтыламады.
Сонымен қатар, оның сөзінше, Алматыдағы жекеменшік клиникалардың біріне арнайы комиссия тексеруге кіріскен.
– Қазір арнайы комиссия осы жекеменшік клиникаға кіріп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша қосымша ақпарат береміз. Комиссия құрамын жасақтадық, оның ішінде тәуелсіз сарапшылар бар. Олар барлық істі, материалдарды, соның ішінде медициналық тарихты толық зерттейді. Оның өз тәртібі бар, – деп түсіндірді комитет басшысы.
Қазіргі уақытта Қазақстанда пластикалық операция жасайтын шамамен 247 жекеменшік клиника жұмыс істейді.
Еске салсақ, 4 сәуірде Маңғыстау облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты, 49 жастағы Ербол Айтуов «Қасиет» жекеменшік клиникасына жүгінген. Оған липосакция жасалып, кейін комаға түсіп, көз жұмған.
Ал 15 мамырда Алматыда блогер әрі кәсіпкер Сәуле Ермаханова да липосакция операциясынан кейін қайтыс болды. Бұл оқиғалар қоғамда пластикалық операциялардың қауіпсіздігі мен жекеменшік клиникалар жұмысына қатысты сұрақтарды қайта көтерді.