Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот отырысында жәбірленушілер отбасы мүшелері жоғалғаннан кейін де туыстарына олардың телефондары арқылы хабарламалар мен аудиожазбалар келіп тұрғанын айтты. Осылайша марқұмдар әлі тірі жүргендей әсер қалыптастырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында түстен кейін марқұм Нәсіп Өтешқалиеваның туған ағасы Тілекқабыл Өтешқалиевтен жауап алынды. Ол сотқа Исатай ауданынан келген.
Оның айтуынша, өткен жылдың 7 қарашасында отбасылық WhatsApp тобына қарындасының нөмірінен аудиохабарлама түскен. Онда туыстардың жағдайы, денсаулығы және күнделікті тіршілігі туралы әдеттегі сұрақтар қойылған.
“Бұл оның көзі тірісінде жазылған ескі аудио болуы мүмкін”, – деді жәбірленуші сотта.
Бұған дейін Наурыз Мұқанғалиевтің тәтесі Шилмағамбетова да сотта жиеніне хабарласа алмағанын, бірақ WhatsApp арқылы хабарламалар келіп тұрғанын айтқан еді.
Оның сөзінше, Наурыздың атынан туыстарына анасының денсаулығы нашарлап, оны емдету үшін Ташкентке алып кеткені жазылған. Сондай-ақ емге ақша қажет болғандықтан, үйдегі мал сатыла бастағаны түсіндірілген.
Айыптау актісіне сәйкес, Мақсот Қарабалинге тиесілі 17 қой 950 мың теңгеге сатылған. Ал Наурыз Мұқанғалиевтің атынан тағы екі сиыр 500 мың теңгеге өткізілген.
Бұдан бөлек, айыптау тарабының мәліметінше, Сәрсемәлиев марқұм туыстарының банк карталарын пайдаланып, олардың зейнетақысы мен әлеуметтік төлемдерін алуды жалғастырған.
Прокуратураның дерегінше, марқұмдардың есепшоттары арқылы мемлекетке 600 мың теңгеден астам шығын келген. Ал мал сатудан келген залал 1 миллион 450 мың теңгені құраған.
Прокурор Мирас Бауыржановтың айтуынша, Наурыз Мұқанғалиев, Нәсіп Өтешқалиева, Мақсот Қарабалин және Мейрамгүл Қарабалина өлтірілгеннен кейін айыпталушы қылмыс ұзақ уақыт ашылмайды деп ойлаған. Сондай-ақ ол кейін өзі бой тасалауды жоспарлаған деген нұсқа айтылды.