"Күніне 80-100 адам қайтыс болады". ДенСауМин өкілі профессор Шарманның болжамына қатысты пікір білдірді

Dalanews 25 там. 2020 12:05 813

Қазақстанда COVID-19-дың үшінші толқынында өлім жағдайы көп тіркелуі мүмкін. Медицина саласының профессоры Алмаз Шарманның болжамы осындай. Бұл пайымды Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі жоққа шығармайды, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Коронавирустан қараша айының басында күніне 80-100 адам қайтыс болады. Сондықтан, қолдағы бар ресурсты созылмалы ауруы бар адамдарға жұмсау керек. Әлеуметтік желіде желдей ескен вирусолог-ғалым, медицина докторы Алмаз Шарманның бұл айтқаны кез келген адамды шошытқаны рас. Министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахметов бұған пікір білдірді.

Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

- Кез келген жағдайда болжамдардың орындалуы, орындалмауы ол әлде қайда, қалай болатыны белгісіз. Сондықтан ең бастысы денсаулық сақтау жүйесін дайындап, мұндай болжамды бұл өмірде іске асырмау керек.

Сондай-ақ, балалар дәрігерлері ата-аналарды сабырға шақырды. Олар қытайлық індетпен қатар балалар арасында тараған "Кавасаки" синдромын жаппай жұқтыру ел аумағында болған жоқ деді.

Риза БОРАНБАЕВА, "ПЕДИАТРИЯ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫ" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

- Бүгінгі күнге дейін республикада балалар арасында коронавирустың 2500-дей жағдайы тіркеліп отыр, 111 дерек жасқа толмаған сәбилер арасында анықталды. Оның қазір 52-сі емделуде. Ал соның ішінде 16 баладан Кавасаки синдромы болды. Олардың ішінде 8 бала емделіп шықты. Қалған науқастар көпсалалы балалар ауруханаларында ем алып жатыр. Ауру анықталған кезінде уақытылы госпитализациядан өтсе, емделіп кетеді.

Биыл ата-аналардың өтініші бойынша, 1-4 сынып оқушылары үшін мектептерде кезекші топтар ашылмақ. Бірақ, балалар медициналық маска тағуы міндеттеліп отыр. Ал бетпердеге ата-ана жауапты болмақ.

Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

- Қазақстандағы мектептерге баратын оқушылар қолына қолғап кию міндетті емес. Тек бетпердені киюге міндетті. Бұл бетперделермен әке-шешелері қамту керек.

COVID-19-ды әлем бойынша 23,6 миллион адам жұқтырыпты. Елдегі ахулаға келсек, коронавирус індеті өткен тәулікте 175 адамнан анықталған. Осылайша жалпы науқастардың саны - 104 мыңнан асты. Оның 88 пайызы емделіп шықты. Өкінішке қарай, 1523 адам бақилық болды. Ал, КВИ анықталмаған, ауру белгілері бар пневмонияға шалдыққандар 22 мыңнан асты. 4 жарым мың азамат аурудан айығыпты. Өкпе қабынуынан 258 өлім дерегі тіркелді.

https://youtu.be/FqKJGo1apUs

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар