Көп адам ұйықтар алдында да жұмысты ойлап жатады немесе әлеуметтік желілерді ақтарады. Сондықтан таңертең ұйқысы қанбай, шаршап оянады. Егер бұл жағдай сізге таныс болса, ми мен денені тыныштандыратын қарапайым әрі пайдалы әдіс бар — ұйықтар алдында кітап оқу. Dalanews.kz бұл әдет өміріңізге қалай әсер ететіні туралы ұсынады.
Ұйқы сапасын жақсартады
Ұйықтар алдында гаджет қараудың орнына кітап оқыңыз. Сол кезде экраннан шығатын көгілдір жарық азаяды, ал бұл мелатониннің табиғи бөлінуіне көмектеседі. Соның арқасында тез ұйықтап, терең ұйқы кезеңдері ұзарады. Нәтижесінде таңертең сергек әрі демалған күйде оянасыз.
Миды демалтады
Ұйықтар алдында жарты сағат кітап оқу — медитация секілді әсер береді. Ол күнді аяқтауға және миды тыныштандыруға көмектеседі. Осылайша күйзеліс деңгейі төмендеп, өз уақытыңыз бен көңіл күйіңізге бақылау орнайды.
Ұйқы режимі қалыптасады
Күн сайын бір уақытта кітап оқу — ішкі биологиялық сағатты реттейді. Уақыт өте келе ағзаңыз белгілі бір уақытта ұйықтауға және оянуға дағдыланады.
Уақытты тиімді пайдалануға көмектеседі
Күніне 30 минут — аптасына шамамен 3,5 сағат, айына 15 сағат, ал жылына 180 сағат оқуға кетеді. Бұл 20–30 кітап деген сөз. Сол арқылы ой-өрісіңіз кеңейіп, бұрын оқығыңыз келіп жүрген кітаптарыңызға да қол жеткізесіз.
Есте сақтау қабілеті артады
Әлеуметтік желілер мен хабарламалар назарды үнемі бөледі. Ал кітап оқу — мидың назарды шоғырландыру қабілетін жаттықтырады. Сюжетті есте сақтап, оқиға желісін бақылау арқылы есте сақтау мен зейін жақсарады.
Эмпатия мен шығармашылық дамиды
Көркем әдебиет оқу — өзге адамдардың сезімін, ойлауын түсінуге көмектеседі. Бұл эмпатияны күшейтіп, айналаңызбен қарым-қатынасты жақсартады.
Жұмыс пен демалыс арасындағы шекара айқындалады
Қолыңызға кітап алған сәтте миға «жұмыс күні аяқталды» деген белгі бересіз. Бұл жүйке жүйесін тыныштандырып, ұйқыға бейімдейді.
Ұйықтар алдында қандай кітаптар оқыған жөн?
Ұйықтар алдында классикалық романдарды, отбасылық кітаптар, сапалы заманауи прозаны, эсселерді немесе ғылыми-популярлық кітаптарды оқыған дұрыс. Ал қорқынышты, триллер, күрделі кәсіби әдебиеттерден және ауыр драмалардан бас тартқан жөн — олар ұйқыны бұзып, мазасыздық тудыруы мүмкін. Ең бастысы — жаңалықтар мен әлеуметтік желілерді ұйықтар алдында мүлде ашпау.
