Атырауда Қарабалиндер отбасының қазасына қатысты істі қараған судья Зарема Хамидуллина Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасының тағайындалу себебін түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Судьяның айтуынша, сараптама қорытындысы сотталушының ақыл-есі дұрыс екенін көрсеткен. Сондай-ақ оның қылмысты алдын ала жоспарлап, төрт адамды қасақана өлтіргені сот барысында дәлелденген.
"Сәрсемәлиевтің 2025 жылдың мамыр айынан желтоқсанға дейін төрт адамды қасақана қазаға ұшыратқаны толық дәлелденді. Бұдан бөлек, ол жәбірленушілер қайтыс болғаннан кейін алаяқтық, ұрлық, жеке куәліктерді иемдену және олардың мүлкін талан-таражға салу секілді бірнеше құқық бұзушылық жасаған", – деді судья.
Тергеу материалдарына сәйкес, сотталушы марқұмдардың атына несие рәсімдеп, ауыл тұрғындарына қаза болған Наурыздың атынан хабарламалар жіберген. Сондай-ақ адамдарды алдап, оның малын сатып жіберген.
Сот осы мән-жайлардың барлығын ескеріп, Сұлтан Сәрсемәлиевті қоғамнан өмір бойына оқшаулау туралы шешім қабылдаған.