Қазақстанда тұрғын үй бағасына мемлекет араласпайды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, пәтер құны нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады. Сондықтан мемлекет еркін нарықтағы баға белгілеу процесіне араласпайды.
Сонымен қатар вице-министр әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарға арналған жалдамалы және несиелік тұрғын үй бағдарламалары мемлекет бақылауында қала беретінін атап өтті.
Қазіргі таңда елімізде тұрғын үй кезегінде шамамен 900 мың адам тұр. Осы азаматтарды қолдау мақсатында биыл тұрғын үй сертификаттарының саны 2,5 есеге жуық көбейтілді. Бұдан бөлек, халықтың 11 санатына жалдамалы пәтерлерді өтеусіз жекешелендіру мүмкіндігі қарастырылған.