Түркия соты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды халықаралық іздеуге жариялау жөнінде Интерполға сұрау жолдау туралы қаулы шығарды. Бұл шешім Газа секторына бағыт алған Global Sumud гуманитарлық флотилиясының ұсталуына байланысты тергеу аясында қабылданды, деп хабарлайды түркиялық Hürriyet Daily News басылымы.
Түркияның 11-ші Жоғары қылмыстық соты прокуратураның өтінішін қанағаттандырған. Гуманитарлық миссияға қатысушылардың арасында Түркия азаматтары да болған.
Тергеу аясында Нетаньяху мен Израильдің басқа да жоғары лауазымды шенеуніктеріне адамзатқа қарсы қылмыс, геноцид, денсаулыққа қасақана зиян келтіру және азаптау айыптары тағылып отыр.
Айыптау қорытындысында мүлікті жою, аса ауыр тонау, кеме қатынасына кедергі келтіру, көлік құралдарын заңсыз басып алу және адамдарды заңсыз бостандығынан айыру фактілері де көрсетілген.
2025 жылдың қарашасында Түркия соты Газа секторындағы оқиғалар мен Global Sumud флотилиясына қарсы әрекеттерге байланысты Нетаньяху және Израильдің басқа да лауазымды тұлғаларын қамауға алу туралы ордер берген.
2026 жылдың сәуірінде Түркия прокуратурасы іс бойынша 35 адамға қатысты айыптау қорытындысын дайындауды аяқтады. Олардың әрқайсысына ауырлататын мән-жайлар бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру, сондай-ақ істің басқа эпизодтары үшін қосымша ұзақ мерзімді жаза тағайындау сұралған.
Алайда Интерполға сұрау жолдануы Нетаньяхуға қатысты бірден "қызыл хабарлама" шығарылды дегенді білдірмейді. Мұндай хабарлама ұйымға мүше елдердің құқық қорғау органдарына адамның орналасқан жерін анықтап, қажет болған жағдайда ұлттық заңнамаға сәйкес оны уақытша ұстау туралы өтініш саналады.
Интерполдың "қызыл хабарламасы" халықаралық қамауға алу ордері болып есептелмейді.