Қазақстан Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов Сенат дәлізінде журналистерге берген сұқбатында криптовалюталардың биржадан тыс заңды қозғалысына жол беретін стейблкоин турасында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол бұл мәселе бойынша Ұлттық Банк реттелетін және реттелемейтін тетіктерге ие халықаралық тәжірибе мен құқық практикасын зерттегенін атап өтті.
"Біз инновациялардың қаржы нарығына өте тез және белсенді түрде дендеп еніп жатқанын көріп отырмыз. Тұтастай алғанда, бірінші көзқарасымыз қалыптасты, нарыққа қатысушылармен кездесіп, кім қандай ұсыныстар жасай алады,соны білдік,оның бәріне реттеуші кезең аясында бейімделеміз. Ең бастысы, қаңқасын түзіп алсақ, содан соң құқықтық жағына көшеміз. Заң жобасын 2025 жылдың тамызында талқыға ұсынбақпыз", - деді Берік Шолпанқұлов.
Ол Қазақстанда криптовалюта нарығының көлемі бойынша нақты деректер жоқ екенін баса айтты.
"Көрші елдердің тәжірибесіне сүйеніп жасаған есептеулер бойынша, бір жерде миллиард доллар, бір жерде жарты миллион доллар айналым туралы болжам бар. Ең бастысы, "көлеңкелі" нарықтың бар екенін білеміз және адамдар онлайн-сайттар арқылы белсенді түрде биткоиндер мен басқа да цифрлық активтерді сатып алып, тұтынып жүр. Жоғары атаған ұсыныстарды іске қосқан кезде біз осы "көлеңкелі" нарықты анағұрлым транспарентті етуге тырысамыз және барлық қатысушылар мен қарапайым азаматтарға активтерді алаңсыз сатуға және сатып алуға мүмкіндік береміз деп сенеміз", – деп атап өтті Берік Шолпанқұлов.
Оның айтуынша, бұл инвестиция жасаудың тағы бір құралы болмақ.
"Біз цифрлық криптоактивтер төлем құралы болады деп айтып жатқанымыз жоқ. Олар төлем құралы бола алмайды. Бұл арада олардың биржадан тыс сатып алу-сату мүмкіндігі қарастырылады. Осындай мүмкіндік ұсынылады. Бірінші кезекте, Қазақстанның ішкі нарығына цифрлық қаржы активтерін енгізген кезде, бұл біздің қатысушыларымыздың осындай активтерді өз бетінше шығаруы үшін жасалады. Айталық, дебиторлық берешек міндеттемелері аясында. Неге дебиторлық берешекті сатып, өз бизнесіңізді дамыту үшін қосымша активтерді тартпасқа? Олар инвестициялауда осындай құрал болады. Сондықтан біз ҚР аумағында реттелуге жататын қаржы активтерін шығарамыз", - деп сөзін түйіндеді Берік Шолпанқұлов.
Айта кетсек, 2025 жылғы 28 қаңтарда ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанда цифрлық активтерді пайдалану жоспарлары туралымен бөлісіп, цифрлық теңге негізінде өзіндік стейблкоин құру пысықталып жатқанын мәлімдеген еді.
Бүған дейін сайтымызда "1,5 млн қазақстандық криптовалютаның көлеңкелі нарығында жүр. Ұлттық банк не ұсынады" деген мақала жарияланған болатын.