РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремльдің Ақтау маңындағы әуе апаты туралы есепке қатысты пікір білдіруін орынсыз деп санайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Брифинг барысында Песков Ресейдің тиісті органдары Қазақстанның Көлік министрлігінің Azerbaijan Airlines (AZAL) авиакомпаниясына тиесілі Embraer-190 жолаушылар ұшағының апатын тергеу бойынша алдын ала есебін мұқият зерттейтінін айтты.
“Бұл – алдын ала есеп. Әрине, біздің тиісті ведомстволар оны үлкен жауапкершілікпен, мұқият зерделейді. Алайда бұл тақырыпқа қатысты президент әкімшілігінен түсініктеме беру орынсыз деп санаймыз”, – деді Песков.
Еске салайық, күні кеше Көлік министрлігі апатқа ұшыраған ұшаққа қатысты алдын ала есепті жариялаған болатын.
Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer-190 ұшағымен болған оқиғаны тергеу туралы алдын ала есеп Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің ресми сайтында жарияланды.
Есеп 53 беттен тұрады.
Министрлік жария еткен алдын ала есепте авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссияның мәліметтері жазылған. Бұл алдын ала жазылған ақпарат, барлық материал зерттеу нәтижелері бойынша нақтылануы және толықтырылуы мүмкін. Жұмыс аяқталғаннан кейін авиациялық оқиғаны тергеу нәтижелері бойынша түпкілікті есеп дайындалады.
Ақтаудағы ұшақ апатының алдын ала қорытындысы бойынша:
- Экипаж екі соққы болғанын сезген (05:13:31 және 05:13:56), содан кейін басқару жүйесінде ақаулар басталды. Стюардессалар капитанға: «Екі орын жарылып кетті, мен оларға көтеріле алмаймын, өйткені жолаушылар орнынан тұрып кетті, мен оларды қайта отырғызып жатырмын» деп хабарлады.
- Ұшқыштар Грозный диспетчерлеріне басқару құралдарының істен шыққанын және салонға құстарға соғылғанын хабарлаған.
- Экипаж Минеральные Водыға, содан кейін Махачкалаға қону шарттарын сұрады, содан кейін олар Бакуге оралуды шешті. Бірақ содан кейін экипаж тағы да ойын өзгертіп, ауа райы қолайлы болған Ақтауға барады.
- Экипаж Ақтау әуежайының мұнарасымен байланысқан кезде халықаралық апат сигналын береді.
- Сағат 06:27-де ұшақ жерге соқтығысты.
Алдын ала есепте апаттың себептері туралы ешқандай мәлімет жоқ.
Сондай-ақ, гидравликалық жүйелердің зақымдануы туралы айтылады, олар "әуе кемесінің компоненттеріне енген сыртқы заттардан болуы мүмкін".