Кремль Украинаның Еуроодаққа кіруіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz РБК-ға сілтеме жасап.
Украинаның Еуроодаққа кіруі - елдің егемендік құқығы, бұл экономикалық интеграция мәселесі, сондықтан ешкім Киевке шарт қоя алмайды.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл - кез келген елдің дербес таңдауы, ал экономикалық интеграцияға қатысты процестерде ешбір мемлекет басқа бір елге талап қоя алмайды.
«Бұл - кез келген елдің егемендік құқығы. Әңгіме интеграциялық, экономикалық процестер туралы болып отыр, мұнда ешкім ештеңе ешкімге диктат жасай алмайды. Біз бұған мүлде талпынбаймыз», - деді Песков ТАСС агенттігіне берген сұхбатында.
Алайда Мәскеу әскери альянстарға қатысты мүлде басқа ұстанымда екенін ерекше атап өтті.
«Бұл - мүлде басқа мәселе, оны бәрі жақсы біледі», - деді ол.
Ресей Украина мен НАТО арасындағы ықтимал одақтастыққа үзілді-кесілді қарсы. Мәскеу бұл блоктың кеңеюін өзінің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп деп санайды. Ресей президенті Владимир Путин Украинаның НАТО-ға қосылуы кенеттен жасалатын соққы қаупін бірнеше есе арттырады деп мәлімдеген. Сондықтан Киевтің әскери блокқа кіруден бас тартуын Путин бейбіт келіссөздерді бастау шарттарының бірі ретінде атаған еді.
Естеріңізге сала кетейік, Украина 2022 жылдың күзіне қарай НАТО-ға жеделдетілген тәртіпте кіру туралы өтініш берген болатын. Сол уақыттан бері альянс Украинамен ынтымақтастықты күшейту ниеті туралы бірнеше рет мәлімдегенімен, елдің мүшелікке дайын еместігін және белгілі бір шарттардың орындалуы қажеттігін алға тартып келеді.