КҚК-ға шабуылдан кейін Қазақстан Қашаған мұнайын Қытайға бағыттайды

Қаракөз Амантай 10 жел. 2025 14:24

Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылдан кейін Қазақстан Қашаған кен орнынан экспортталатын мұнай көлемін Қытайға қайта бағыттайды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл туралы Энергетика министрлігі ҚазАқпарат жолдаған ресми сауалға жауап беру барысында мәлімдеді.

"Қазіргі уақытта министрлік жүк жөнелтушілермен бірлесіп мұнай көлемдерін қайта бөлу жұмыстарын жедел жүргізіп жатыр. Оның ішінде Қашаған мұнайының белгілі бір бөлігін ҚХР-ға бағыттау шаралары қабылданды. Жағдай Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін 29 қарашада КҚК нысандарына шабуыл жасалып, ВПУ-2 деп аталатын құрылғы айтарлықтай зақымданған еді. Консорциум арқылы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының мұнайы экспортталады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі оқиғаға байланысты ресми нота жолдап, наразылық білдірді. Ал Украина тарапы бұл әрекет Қазақстанға қарсы бағытталмағанынмәлімдеді.

Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалған шабуылдан кейінгі залал көлемі әзірге белгісіз. Бұл туралы энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров мәлімдеді.

Акбаровтың айтуынша, залалдың нақты көлемі туралы ақпарат қазір жоқ.

«Зақымданған элементтердің бірі штаттық режимде жұмыс істеп тұр, екіншісі жүйеге қосылу үстінде. Мұнай тасымалына қатысты қандай да бір шектеулер енгізілген жоқ», – деді ол.

Балама жолдар

Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына жасалған шабуылдардан кейін Қазақстан мұнай экспортын альтернативті маршруттар арқылы арттыра бастады.

Reuters агенттігі мұнай-газ саласындағы бес дереккөзге сілтеме жасап, желтоқсан айында Қазақстан КҚК арқылы жүретін мұнай ағынының бір бөлігін «Баку – Тбилиси – Джейхан» (БТД) құбырына қайта бағыттайтынын жазады.

Ақпаратқа сәйкес, Теңіз бен Қашаған кен орындарынан өндірілетін мұнай танкерлерге тиеліп, Каспий арқылы Бакуге жеткізіледі. Ондаған соң, шикізат Грузия аумағы арқылы Түркияға жөнелтіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар