Украина Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына жасалған соңғы шабуылдарға қатысты ел ұстанымын түсіндіретін баспасөз қызметінің жетекшісі Георгий Тихийдің пікірін жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Украина Каспий құбыр консорциуының инфрақұрылымына қатысты Қазақстан Республикасының алаңдаушылығын ескерді. Айта кетеміз, украин тарапынан жасалған ешбір әрекет Қазақстан Республикасына немесе басқа үшінші елдерге бағытталмаған, Украинаның барлық күш-қуаты БҰҰ Жарғысының 51-бабында көзделген өзін-өзі қорғау құқығы аясында Ресейдің кең ауқымды агрессиясына қарсы тұруға бағытталған", – делінген Георгий Тихийдің хабарламасында.
Сонымен қатар, мәлімдемеде Украинаның Қорғаныс күштері агрессордың әскери-өнеркәсіптік әлеуетін жүйелі түрде әлсіретіп, оның басқыншылық соғысты жалғастыруына және халқымызды қыруына мүмкіндік беретін ресурстарынан айырып келгені атап өтілген.
"Украина агрессордың соққылары мен шабуылдарына жауап береді", – деп көрсетілген.
Георгий Тихий Қара теңіз өңіріндегі және оның шегінен тыс аумақтағы тұрақсыздыққа себеп болып отырған жалғыз фактор — Ресей агрессиясы екенін атап өткен.
"Бүгінгі туындаған алаңдаушылық аясында қазақ тарапынан осыған дейін Ресейдің Украинадағы бейбіт тұрғындарға, тұрғын үйлерге, азаматтық инфрақұрылымға және еліміздің энергетикалық жүйесіне, әсіресе украин атом электр станцияларының қосалқы станцияларына жасалған соққыларын айыптаған мәлімдемелердің болмағанына назар аударамыз", – делінген Тихийдің түсініктемесінде.
Украина Сыртқы істер министрлігі барлық тарапты соғысты тоқтатуға бағытталған шараларға күш салуға шақырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ресейде қазақ мұнайы экспортталатын консорциумға шабуыл жасалғаны хабарланған болатын. 29 қараша таңертең Каспий Құбыр Консорциумының (КҚК) Теңіз терминалы акваториясына экипажсыз жылдам жүретін катерлер шабуыл жасады. Консорциум мәліметінше, соның салдарынан ВПУ-2 деп аталатын алыста орналасқан айлақ құрылғысы елеулі зақымдалған.
