Қазақстан заңнамасына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр, оған сәйкес коучтар мен бизнес-тренерлер азаматтарға жылдам әрі кепілді табысқа жетуді уәде ете алмайды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құсайыновтың айтуынша, бүгінде көптеген қазақстандық түрлі тренингке қатысады, алайда олардың ұйымдастырушылары өмірдің күрт жақсаруын уәде еткенімен, шын мәнінде мұндай жағдай сирек кездеседі.
"Біз бұл мәселені заң жобасына енгіздік. Қызмет көрсетуші тұтынушыға оның өмірі бірден өзгеріп, бәрі жақсы жаққа қарай өрбиді деп уәде бере алмайды. Бұл – қызмет сапасы туралы тұтынушыны шатастыру және адастыру болып саналады", – деді Құсайынов "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау: бизнес, мемлекет және қоғам диалогы" форумының кулуарында.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Динара Наумова коучтар мен бизнес-тренерлер қызметінің тиімділігіне күмән келтірген болатын. Ол бұл салада бірыңғай стандарттар мен сертификаттаудың жоқтығы алаяқтыққа жол ашып, азаматтардың сенімін әлсірететінін атап өтті.