Қарағанды облысындағы Костенко шахтасындағы былтыр 46 адамның өмірін қиған қайғылы оқиғаға байланысты тергеу әлі аяқталған жоқ. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Сенат кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Бұл оқиға – біз үшін аса ауыр трагедия. 46 кенші қайтыс болды. Қазіргі уақытта шамамен 10 адам тергелуде. "АрселорМитталға" қатысты да тергеу жүріп жатыр, бірақ нақты қандай кезеңде тұрғанын айта алмаймын", - деді ол.
Еске салайық, 2023 жылдың 28 қазанында Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада метан газы жарылды. Қаза болған кеншілерге байланысты 29 қазан Қазақстанда жалпы ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған. Олардың 206-сы жер бетіне шыға алды, ал қалғандары қаза тапты.
46 кеншінің қазасына байланысты сотқа дейінгі тергеуді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары жүргізуде. Тергеу тобына ІІМ, ТЖМ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері де қатысуда.