«Көрерменнің махаббаты – театрдың тірегі» – Аида Балаева

Көркем Алдабергенова 27 нау. 2025 10:35 686

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Дүниежүзілік театр күнімен құттықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, елімізде бүгінде 70 театр қызмет етеді, соның 57-сі – мемлекеттік. Олардың 11-і республикалық, 46-сы өңірлік деңгейде жұмыс істейді. Соңғы төрт жылда Қазақстанда жаңадан бес мемлекеттік театр ашылғаны – отандық театр өнерінің даму үстінде екенін дәлелдейді.

«Біздің театрлар көрерменді жаңа қойылымдармен ғана қуантып қоймай, еліміздің мәдениетін әлем сахналарында да насихаттап жүр. 9 мыңға жуық маман еңбек ететін театр ұжымдарында 4 200-ден астам адам тікелей шығармашылықпен айналысады. Мемлекеттік театрлар жылына 200-ден астам жаңа спектакль қойса, соның 107-сі – отандық авторлардың туындылары», – деп атап өтті министр.

Сонымен қатар Аида Балаева театр сахнасы мен оның артындағы барша сала мамандарын – актерлер, режиссерлер, драматургтер, сценографтар, жарық пен дыбыс шеберлері, костюмерлер, гримерлер, әкімшілік және техникалық қызметкерлерді айтулы мерекемен құттықтай отырып, оларға шығармашылық шабыт пен биік жетістіктер тіледі. Ол, әсіресе, театрдың өміршеңдігін айқындайтын ең басты фактор – көрермендердің ыстық ықыласы мен шынайы қолдау екенін тілге тиек етті.

«Сахнада жаңа тарихтар жасалып, залда шапалақтың үні өшпегенде, театр адамдарды өнермен әлдилеп, тәнті ете береді. Дүниежүзілік театр күні құтты болсын!» – деді Аида Балаева.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар