"Конверттегі" жалақы: Еңбек министрлігі Еңбек кодексіне өзгерістер енгізуге ниетті

Кәмшат Тілеухан 10 қыр. 2025 14:36

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мәжілісте "конвертпен" берілетін жалақымен қалай күресуге ниетті екендіктерін айтты. Оның айтуынша, елімізде жоғары білікті мамандардың өзіне қағаз жүзінде небәрі 85 мың теңге тағайындалатынын, ал қалған жалақысын салықты аз төлеу үшін конвертпен берілетін жағдайлар бар, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Жұмыс беруші ресми жалақыны 85 мың теңге деп жазады, ал қалғанын "конвертпен" береді. Бұған жол бермеу үшін біз еңбек қатынастары декларациялануы керектігін айтып жүрміз.  Жалақы мемлекет тарапынан реттелетін Сингапур, Швеция тұрғысындағы халықаралық тәжірибе осыны көрсетеді", - деді министр бүгін Мәжіліс отырысында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек қатынастарын бақылауды қатаңдатуға бағытталған Еңбек кодексіне өзгерістер енгізуге бастамашылық жасайды. Жаңа тәсіл тек жалдау фактілерін ғана емес, сонымен қатар атқарылған жұмысқа тағайындалатын сыйақының толық сомасын міндетті түрде декларациялауды қамтиды. Бұл шара жалақының бір бөлігін "конвертпен" беру сынды салықтық және әлеуметтік аударымдарды азайтып, әлеуметтік қорғау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтіретін кең таралған тәжірибені жоюы керек.

Министрлік салалар бойынша еңбекақының біркелкі болмауына ерекше назар аударады.

Светлана Жақыпованың айтуынша, қазір бір деңгейдегі мамандар арасындағы табыс айырмашылығы бірнеше есеге жетуі мүмкін: біреуі 1 миллион теңгеден астам, ал екіншісі — небәрі 400 немесе,тіпті 220 мың теңге алуы мүмкін.

"Біз бүгіндері әлеуметтік серіктестерімізбен келіссөздер жүргізіп жатырмыз және жақын арада талқы үшін үстел басына жиналамыз. Салалық келісімдер бойынша біз еңбекақы төлеу шарттарын талқылайтын боламыз. Өйткені тау-кен металлургия кешенін мысалға келтірсек те, ондағы жалақыдағы өзгерістерді көре аласыздар", - деп түсіндірді Светлана Жақыпова.

Министр реформаның негізгі мақсаты барлық жұмыс берушілер үшін ойын ережелерін теңестіру және жұмыспен қамтудың ашық жағдайларын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Міндетті декларациялау, Еңбек министрлігінің пікірінше, елімізде неғұрлым әділ және орнықты еңбекақы төлеу жүйесін құруға жасалған қадам болуы тиіс. Бұл бастаманы Үкімет пен Президент Әкімшілігі қолдап қойды. Жақын арада заң жобасы жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың қатысуымен кеңінен талқыланатын болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар