Көкшетауда қазақ тіліндегі музыканы қорлаған әйел 8 тәулікке қамалды

Көкшетауда қазақ тіліндегі музыканы қорлаған әйел 8 тәулікке қамалды
Фото: gov.kz

Көкшетау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты қоғамдық орында қазақ музыкасына қатысты жағымсыз пікір айтқан әйелге қатысты істі қарады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот мәліметінше, 2025 жылы желтоқсанда әйел Көкшетаудағы барбершопта қазақ әндерін кемсітіп сөйлеп, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Соның салдарынан қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығы бұзылған.

Сотта сөйлеген куәгердің айтуынша, барбершопта түрлі елдің әндері қойылып тұрған. Ол қазақ әндерін қосқан кезде әйел музыканы өшіріп, қазақ әндері туралы жағымсыз пікір айтып, "ондай әндерді үйде тыңда" деген.

Құқықбұзушылық әкімшілік хаттамамен, әйелдің өз түсініктемесімен, куәгердің жауабымен, бейнежазбалармен және іс материалдарымен расталған. Әйел хаттамамен келісіп, қарсылық білдірмеген.

Сот қаулысымен ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 8 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.