"Кісі басына 480 доллардан". Гайана елі мұнайдан түскен табысты халқына таратып жатыр

Кәмшат Тілеухан 08 қар. 2024 10:07 1100

Гайана Үкіметі 18 жастан асқан елдің әрбір азаматына 100 мың Гайана долларын (шамамен 480 АҚШ доллары) төлеу туралы шешім қабылдады. Осылайша кірісін халқымен бөліспек мұнай шикізаты бұл елдің экономикасының жылдам әрі қарқынды дамуына серпін беріп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аумақтық суларда ірі мұнай кен орыны ашылғанға дейін Гайана Оңтүстік Америкадағы ең кедей мемлекеттердің бірі болып келген.  Енді, Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) 2024 жылғы мәліметтері бойынша, оның жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 29 000 долларға жақындап қалды, бұл Ресей мен Қазақстаннан (14 000) да екі есе артық көлем. Экономикалық өсімі бойынша Гайана қазір Литва мен Португалия арасына орныққан. Гайана елінде 800 мыңға жуық адам тұрады, ал тағы 400 азаматы басқа елдерде тұрып, жұмыс істейді. Сыртта жүргендеріне де төлем беріледі, деп жазады The Guardian

Сарапшылардың бағалауынша, төлем жасау бағаның белгілі бір өсіміне қарамастан экономика үшін тиімді болмақ. Алайда, оппозиция ел азаматтарының экспорттан түсетін табыстан үлес алуын тұрақты етуді талап етуде. Оңтүстік Америка елінің өндіріс көлемін арттыруы ОПЕК+тің мұнай бағасын ұстап тұру жөніндегі шаралары тиімділігінің төмендеуіне қатысты себептердің бірі ретінде аталады. АҚШ, Бразилия және басқа да бірқатар елдермен бірге Гайана әлемдік нарыққа мұнай тасымалын арттырды. Сөйтіп олар картельге мүше елдердің мұнай өндірісін қысқартуда әлемдік нарықта пайда болған үңірейген бос орынды тиімді пайдалануда. 

Бұған дейін БЖЗҚ "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы қатысушыларына 3,4 млн доллар аударғанын жазған болатынбыз. Қазақстанда шикізаттан түскен табыс 2024 жылы қаңтарда балаларға беріле бастады. Ол үшін БЖЗҚ-дан шоттар ашылып, әр балаға 100,52 доллардан аударылды. Баланың нысаналы талаптарға қатысушылар тізіміне қосылғаны туралы ақпаратты ата-аналар немесе басқа да заңды өкілдер kids.enpf.kz сайты арқылы баланың ЖСН нөмірі бойынша тексере алады. 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар