БЖЗҚ "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы қатысушыларына 3,4 млн доллар аударды

Кәмшат Тілеухан 07 қар. 2024 16:41 1436

"БЖЗҚ" АҚ "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасының қатысушыларына шамамен 3,4 млн АҚШ долларын аударды. Бұл қаражаттар, негізінен, баспана және оқу ақысын төлеуге бағытталған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2024 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша БЖЗҚ жалпы сомасы 3 364 944,63 долларға 33 546 өтінішті орындады. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 1 804 601,05 долларға 17 991 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін 1 560 343,58 доллар сомасына 15 555 өтініш орындалды.

БЖЗҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қаражатты тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануды қалағандардың ішінде есепті кезеңде Шымкент қаласының, Қызылорда облысының және Жетісу облысының тұрғындары асқан белсенділік танытты.

Бұл ретте қаражатты пайдаланудың ең танымал қосалқы мақсаттары мыналар болды:

  • одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылыс жинақ салымындағы ақшасын толықтыру,
  • азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу,  
  • тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу.  

Қор мәліметінше, қаражатты білім алу ақысын төлеу үшін пайдаланған ең белсенді қазақстандықтар тағы да Шымкент қаласының, Жетісу облысының және Алматы қаласының тұрғындары болды.

Бұл бағыттағы ең танымал қосалқы мақсаттардың ішінде мыналарды атап өтуге болады:

  • Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу,
  • білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыру,
  • шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір рет (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу.

Нысаналы жинақтарды алушы өзіне тиесілі барлық соманы да, оның бір бөлігін де пайдалануға құқылы. Бұл ретте пайдаланылмаған соманың қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қалады.

Айта кетсек, алғашқы нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар БЖЗҚ-дағы шоттарға 2024 жылғы қаңтарда әр балаға 100,52 доллардан түсті. Баланың нысаналы талаптарға қатысушылар тізіміне қосылғаны туралы ақпаратты ата-аналар немесе басқа да заңды өкілдер kids.enpf.kz сайты арқылы баланың ЖСН нөмірі бойынша тексере алады. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар