Алматыда Достық даңғылы, 170/1 мекенжайында заңсыз салынған сауда нысандары сүрілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қалалық қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, жоспардан тыс тексеру кезінде аталған аумақта ешқандай рұқсат құжаттарынсыз үш бір қабатты нысанның құрылысы жүргізілгені анықталған.
Тексеру қорытындысы бойынша меншік иесіне құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтату, анықталған заңбұзушылықтарды жою және жер телімін бастапқы қалпына келтіру туралы нұсқама берілген.
Алайда нұсқама орындалмағандықтан, материалдар Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданған. Сот шешімімен меншік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта өз бетінше тұрғызылған нысандар меншік иесінің күшімен толықтай сүрілген.
Қала құрылысын бақылау басқармасы құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қолданыстағы заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салды.