Әлеуметтік желіде әлдекімдер қандай да бір санаттағы ел азаматтарына 70 мың теңге өтемақы берілетінін айтып, ол үшін сілтемеге өтуді сұраған ақпарат тарауда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оның фейк екенін нақтылайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"1949-2010 жылдар аралығында туған Қазақстан азаматтарына 70 000 теңге аударылатыны туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Қаражатты аудару үшін белгісіз адамдар сілтемеге өтуді ұсынады.Әлеуметтік көмектің мұндай түрі жоқ екенін хабарлаймыз. Тиісінше, көрсетілген сілтеме алаяқтар үшін азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін. Алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін сілтемеге өтпеуге кеңес береміз", делінген министрлік хабарламасында.
Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек қана 1414 нөмірінен СМС-хабарламалар арқылы таратылатыны нақтыланады.
"Азаматтардан тек ресми көздердегі ақпаратты пайдалануын сұраймыз. Жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын естеріңізге саламыз".
Бұған дейін сайтымызда "Қытайға жер берілгелі жатыр ма? Министрліктер жауап берді" деген материал жарияланған.