Тиісті министрліктер желіде тараған ақпаратқа жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Желіде тараған ақпарат не жайында?
Stopfake.kz мәліметінше, әлеуметтік желілерде Қазақстан ауыл шаруашылығы мақсатындағы ауқымды жерлерді Қытайға беруді жоспарлап отырғаны туралы ақпарат тарап жатыр.
Хабарлама авторының айтуынша, бұл мәселе бойынша келіссөздер 2009 жылдан бері жүргізіліп келеді, ал жалпы жердің ауданы 1,7 миллион гектарға жетті.
Сыртқы істер, Ауыл шаруашылығы министрліктері не дейді?
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
"Қазақстанның ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қытайға беріп жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл фейк. БАҚ немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске саламыз. Тек ресми дереккөздерге сеніңіз", – делінген ҚР СІМ ресми хабарламасында.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Жер туралы кодексінің 23-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жердi қоспағанда, жер учаскелерi шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттiк емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
"Бұл өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлер мен олардың кешендерiн салу үшiн берiлген немесе олар салынған жер учаскелерi болуы мүмкiн. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелері жеке меншікке және уақытша жер пайдалануға берілмейді", – деп хабарлады ведомство.
Министрліктің мәліметінше, ҚР Жер кодексінің 24-бабына сәйкес шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ, қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды.