Кекілбаев пен Нұрқаділовке халық неге ренжіді?

Dalanews 03 қыр. 2019 06:00 1043

Дарынды журналист Батырхан Дәрімбеттің әр жылдары жазған мақалаларын жариялауды жалғастырамыз. Бұл жолы тілшінің қару-қаламына әйгілі жазушы Әбіш Кекілбаев ілігіпті.

 Белгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтың жоғарғы билік жүйесіне орналасқанына 20 шақты жыл болды.

Әуелі сонау 80-жылдары Қазақстан Коммунистік партиясының мәдениет бөліміне нұсқаушы болып барды. Содан бері неше түрлі жұмыстар атқарды. Сектор меңгерушісі болды. Кейін «Социалистік Қазақстанның» бас редакторы қызмет атқарды. Бұдан соң Президент әкімшілігінде қызмет істеді. 1994 жылы Жоғарғы Кеңеске төраға болып сайланды.

Жоғарғы Кеңес күшпен таратылған кезде аз уақыт бос жүрді де, қайтадан Президент әкімшілігіне қабылданып, онша салмағы жоқ Мемлекеттік хатшы қызметін иемденді.

Әбіш Кекілбаев әуелі жазушы ретінде танылды. Әсіресе «Күй» деген повесі жұртшылықты елең еткізді. Бұдан соң да бірнеше әңгіме, повестері оның жазушылық қарымын танытты. Алайда біраздан соң том-том роман жазып, олары онша сәтті болмай, оқырманын азайтып алды.

Оған азамат ретінде сеніп жүргендер 1995 жылы Жоғарғы Кеңес таратылған кездегі іс-әрекеттерінен соң тіпті түңіліп кетті.

Сол жылғы 11 көкекте Жоғарғы Кеңес заңсыз деп танылып, оны тарату үшін Үкімет күш қолданған кезде Әбіш Кекілбаев көзіне жас алып: «Бұл не сұмдық!» деп күңіреніп кетті.


Алайда сол күні-ақ ол ауырып қалғанын сылтау қылып, үйінде жатып алды.

Ал оның әріптестері Жоғарғы Кеңес үйінен шықпай, үкіметке қарсылық білдіріп жатты. Әуелде «Халықтық парламент құрамыз!» деп гүжілдеген Олжас Сүлейменов те біраздан соң райынан қайтты. Сөйтіп, екі бірдей лидерінен айырылған Жоғарғы Кеңестің кейбір мүшелері ғана қарсылық білдіріп, арнаулы полиция отрядының күшімен Жоғарғы Кеңестен аластатылды.

Өзінің депутаттарын осындай озбырлықтан қорғай алмаған Әбіш Кекілбаевтың беделі осы кезде әбден төмендегені жасырын емес.

Бұдан соң оның Мемлекеттік хатшы болып тағайындалуы істің мән-жайын түгел түсіндіргендей болды. Үкімет жағына біржолата шыққан Әбіш Кекілбаев бұдан соң ел азаматтарынан мүлдем қол үзіп, жоғарғы жақтың ғана сойылын соғумен болды.

Соған қарамастан, кешегі журналист, Жоғарғы Кеңестің төрағасы, белгілі азамат ретінде оған баспасөз бетінде сын айтқан не болмаса кемшілігін көрсеткен пікірлер кездеспейтін. Міне, сол сең бұзылып отыр.

«XXI ғасыр» газетінің №24 санында қарапайым оқырман Құрылыс Сүлейменов деген азамат Әбіш Кекілбаевтың бұл пікірімен келіспейтінін, келіспегенімен қоймай оның соңғы кездегі қимыл-қарекетін қолдамайтындығын айтқан.

Азаматтың бұндай реніш тудыруына Әбіш Кекілбаевтың «Қазақстан-1» телеарнасынан сөз сөйлеп отырып: «Көптеген азаматтар үкіметтің жүргізіп отырған саясатын сынауға шебер, сөйте тұра, өзінің де жауапкершілігін есіне алмайды. Біз бәріміз де жауаптымыз қазіргі болып жатқан жағдайға» деген сөзі себеп болыпты.

Құрылыс Сүлейменов: «Мені таңғалдыратыны – қарапайымында белсенді болып, халықтың қамын ойлағандай сыңай танытқан біраз шенеуніктердің таққа отырып алған соң бәрін ұмытып кететіні. Олар таққа отырған соң, құлақтары тас бітіп, көздерін шел қаптап кете ме деп қаласың. Әбіш Кекілбаевты сыртынан жақсы білетінбіз әрі қатты сыйлайтынмын. Халықтың қамын бір жоқтаушы болса, осы ағамыз болар деп жобалайтынмын. Мына хабардан соң ойым он саққа жүгіргенін жасыра алмаймын» деп жазады.

Бұдан әрі ол: «Халықты бекер кінәламау керек. Бар кінә – елді басқаруды сеніп тапсырған жетесіз шенеуніктерде... Оларға халықтың сенімі таусылған. Айтқандары өтірік, құр сөз, жөнсіз уәде» дейді.

Газет оқырманы бұл сөзді айта отырып, қазіргі қалыптасқан ауыр жағдайға халықты кінәлаудың өзі өрескелдік екенін білдіреді. Сонымен бірге бұл үкімет басындағылардың жауапкершіліктен қашуы деп есептейді.

Құрылыс Сүлейменов Әбіш Кекілбаевпен бірге бір кезде ел сенген азамат Заманбек Нұрқаділовке де өкпелі екенін айтады:

«Хабар» телеарнасына берген сұхбатында Алматы облысының әкімі Заманбек Нұрқаділов мырза былай деп тұжырымдама жасады: «Жұмыссыздыққа берілетін мемлекеттік көмекті қысқарту керек. Себебі сол жұмыссыздардың қорасында он шақты қой, бірер қара мал, жеміс-жидек өсіретін жері бар».

Міне, кешегі ел қамын ойлаймын, сол үшін аянбай еңбек етемін деген азаматтардың бірі.

Егер жұмыссыздыққа берілетін мемлекеттік көмектің қажеті болмаса, 1 млн жұмыссыз қалай күн көреді?! Тоқ бала аш баланың жағдайын білмей ме? Білмесе жайна қарап, ұсыныс жасамай, тыныш жүрмей ме? Ел ақшасына семіріп алып, телеэкраннан бәлсінудің не қажеті бар?

Міне, осылай, қарапайым газет оқырманы іс басында жүрген азаматтардың қандай күйге түскенін әшкере еткен еді. Әбіш Кекілбаев та, Заманбек Нұрқаділов те – бір кезде ел сеніп, тағдырын қолына ұстатқан санаулы азаматтар.

Бұлардың халық қамын ойлаудан гөрі пәрменсіз үкіметтің сойылын соғуға әдеттеніп алғаны халық өкілінің ренішін туғызып отыр.

 

Батырхан ДӘРІМБЕТ


21.06.1999




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар