Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мемлекеттік органдар мобильді аударымдар туралы ақпаратты қабылдап, оны талдауға кіріскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда деректер өңделіп, азаматтардың төлем операциялары санаттарға бөлініп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ауқымды тексеріс барысында салық органдары ұзақ уақыт бойы тауар мен қызмет ақысын қарапайым аударым арқылы қабылдап, кассалық аппарат қолданбаған әрі салық төлеуден жалтарғандарды анықтауды көздеп отыр.
Вице-министрдің сөзінше, ескертулер бірден жолданбайды. Алдымен ақпарат жан-жақты сараланып, тұлғалардың мәртебесі нақтыланады. Яғни олардың жеке кәсіпкер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат, бейрезидент немесе өзге санатқа жататыны тексеріледі.
Алғашқы хабарламалар қазақстандықтардың жеке кабинеттеріне 2026 жылдың мамыр айынан бастап жіберіле бастайды.
