Жаз–2026: ШҚО-да 93 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылады

Ақтоты Жапатова 22 сәу. 2026 15:54

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында өңірдегі әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі – балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Білім басқармасы басшысы Қуат Оқасовтың айтуынша, 2026 жылы бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 362,1 миллион теңге бөлінген. Қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік осал санаттағы балаларды қамтуға және сауықтыру орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталады.

Биыл 1–10 сыныптарда оқитын 93 мыңнан астам баланың 99,9 пайызы жазғы демалыспен, сауықтырумен және жұмыспен қамтылады. Оның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары толық қамтылады.

Өңірде жазғы демалысты ұйымдастырудың бірнеше форматы қарастырылған. 10 652 оқушыны қабылдайтын 12 қала сыртындағы сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Оның 8-і мемлекеттік, 4-і жекеменшік. Сонымен қатар, 276 мектеп жанындағы лагерьде 19 218 бала тамақпен қамтыла отырып демалады. Бұдан бөлек, 226 бейіндік алаңда 63 мыңнан астам оқушының бос уақыты мазмұнды ұйымдастырылады.

Жазғы кезеңде 2 454 педагог, 250 медицина қызметкері және колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерінен құралған педагогикалық жасақтар жұмысқа тартылады.

Балалардың жазғы демалысы тек тынығумен шектелмей, олардың жан-жақты дамуына бағытталады. Қосымша білім беру ұйымдарында 27 868 бала үйірмелерге қатысады, жас натуралистер станциясында 750 оқушы, аула клубтарында 3 500 бала қамтылады. Туристік маршруттар мен экскурсияларға 19 986 оқушы қатысады, ал еңбек және кәсіптік бағдар беру жобаларына 11 730 бала тартылады.

Дәстүрлі түрде өңір оқушылары республикалық «Бөбек» және «Балдәурен» орталықтарында демалады. Сонымен қатар, Бұқтырма су қоймасында қайықпен саяхат жобасы аясында 280 жетім және дарынды бала қамтылмақ.

Жиында балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Осы бағытта ведомствоаралық штаб құрылып, барлық қызметтердің үйлесімді жұмысы қамтамасыз етілуде. Сауықтыру орталықтарында санитарлық талаптарды сақтау, су айдындарындағы қауіпсіздік және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдануда.

Осы ретте облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жауапты органдарға нақты міндеттер жүктеді.

– Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жазғы сауықтыру маусымы басталуына байланысты лагерьлерді тексеріп, тиісті рұқсат құжаттарының болуын қамтамасыз етуі қажет. Алдын ала тексерулер жүргізіліп, анықталған ескертулер уақытында жойылған жағдайда ғана рұқсат берілуге тиіс. Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігін күшейтіп, тұрақты бақылауды қамтамасыз етсін. Су айдындарындағы қауіпсіздік те қатаң бақылауда болуы қажет. Полиция департаментіне балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу тапсырылсын. Жалпы, ведомствоаралық деңгейде бекітілген іс-шаралар толық орындалып, жазғы сауықтыру науқаны қатаң бақылауда болуға тиіс, - деді аймақ басшысы.

Осылайша, өңірде биылғы жазғы демалыс маусымы балаларды барынша қамтуға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мазмұнды бос уақыт ұйымдастыруға бағытталған жүйелі шаралармен іске асырылмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove