Қазақстанда ұлттық тауарлар каталогында 24 млн-ға жуық өнім тіркелген

Самал Асқар 22 сәу. 2026 15:19

Қазақстанда ұлттық тауарлар каталогында 24 млн-ға жуық тауар тіркелген, деп хабарлайды Dala News.

Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов мәлімдеді. Оның айтуынша, оның ішінде 11 млн-нан астамы тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің бірыңғай классификаторы бойынша жіктелген.

«Күніне шамамен 100 мың жаңа тауар қосылады. Жүйеде барлығы 41 мыңнан астам сауда субъектісі тіркелген. Біз жалпы бақылау мен бизнеске арналған ыңғайлылық арасындағы теңгерімді сақтауға тырысамыз және жүйені бизнеске кедергі келтірмейтіндей етіп цифрландырып жатырмыз», – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, жүйе кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Тауардың цифрлық паспорты компаниялардың жұмысын тоқтатпай, біртіндеп енгізіледі. Сонымен қатар NTIN нөмірі берілмеген жағдайда уақытша XTIN қолдану тетігі қарастырылған.

Сондай-ақ тіркеу талаптары жеңілдетіліп, бизнеске қолайлы жағдай жасауға басымдық берілген.

Нүсіповтың айтуынша, Қаржы министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен меморандумға қол қойылған. Оған сәйкес, импорттаушылар мен отандық өндірушілер үшін мерзім 1 наурызға дейін, сауда желілері үшін 1 сәуірге дейін белгіленген. Ал шағын бизнеске 1 шілдеге дейін уақыт берілген.

Жоспар бойынша, биыл жүйе толық өнеркәсіптік пайдалануға берілмек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove