Мәжілісте Еуразиялық экономикалық одақ аясында кедендік транзиттің бірыңғай жүйесіне қатысты заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Dala News.
Заң жобасы Үкіметтің қаулысымен Парламент қарауына енгізілген. Құжат ЕАЭО мен үшінші тараптар арасындағы кедендік транзиттің бірыңғай жүйесінің негізгі қағидаттарын айқындайды.
Жаңа келісімге сәйкес, тасымалдау рәсімдерін жеңілдету және бизнес шығындарын азайту көзделген. Атап айтқанда, бірыңғай транзиттік декларацияны электронды форматта қолдану, кедендік төлемдерді қамтамасыз етудің ортақ тетігін енгізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ тауар қозғалысын бақылау үшін навигациялық пломбаларды пайдалану және кеден органдарының шешімдерін өзара тану қарастырылған.
Депутаттардың айтуынша, бұл өзгерістер бақылаушы органдардың араласуын азайтып, логистикалық процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Мәжілісте инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған тағы бір келісім қаралды. Құжат салықтан жалтарудың алдын алу, ақпарат алмасуды күшейту және мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Үкіметтің мәліметінше, заң жобаларын іске асыру үшін қосымша бюджет қаражаты талап етілмейді.
Парламент Мәжілісінің барлық комитеттері құжаттарға оң қорытынды берген. Қаржы және бюджет комитеті заң жобаларын қабылдауды ұсынды.
