Каспий жағалауында 88 өлі итбалық табылды

Ақтоты Жапатова 02 мам. 2025 13:07 271

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауынан қызыл кітапқа енген 88 итбалықтың өлексесі табылды. Бұл туралы Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Табылған аумаққа инспекция өкілдерімен бірге жергілікті әкімдік пен гидробиология және экология институтының мамандары барып, жағдайды тексерді. Өлі жануарлар бойынша Түпқараған ауданының полиция бөлімінде ҚР ҚК 339-бабы (сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарларды заңсыз жою) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қазгидромет мамандарының айтуынша, оқиға орын алған кезеңде теңізде батыс бағыттағы желдер үстем болған, бұл өлекселерді жағаға алып келуі мүмкін. Ал гидробиология және экология институтының дерегінше, табылған итбалықтардың денесі қатты шіріп кеткендіктен, олардан зертханалық талдау үшін сапалы сынама алу мүмкін болмаған.

Қазіргі уақытта итбалықтардың нақты неден қырылғаны белгісіз. 

Каспий теңізінің жағалау белдеуінде мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр. Итбалықтардың жаппай қырылуы бойынша жағдай Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің бақылауында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар