Kaspi.kz-тің түріктерден сатып алған маркетплейсі 6 млрд теңге "шығын" келтірген

Кәмшат Тілеухан 14 мам. 2025 13:28 280

Kaspi.kz-ке Түркиядағы бизнесі 149 млрд теңге кіріс әкелген, бірақ бұл ретте таза пайда 6 млрд теңгеге төмендепті. Бұл туралы финтехтің 2025 жылдың I тоқсанындағы есебінде айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаржылық есепте 2025 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығындағы түрік бизнесіне қатысты мәліметтер де келтірілген. Оған сәйкес, шетелдік маркейтлейсті есепке алмағандағы қазақстандық компанияның үш айдағы табысы 685 млрд теңгеге жеткен (жылына +21%), ал ондағы кірісін қосса жалпы пайда 834 млрд теңге болмақ. Ал Түркиядағы бизнесті есепке алмағандағы таза пайда 260 млрд теңгені (+ 16%) құрады, есепке алғанда — 6 млрд теңгеге кем, яғни 254 млрд теңге.

Hepsiburada маркетплейсі "жоғалтқан" 6 млрд теңгені Kaspi.kz "қорытынды көрсеткіштермен қосқанда" шамалы көлем деп атайды. Олар бұған Түркиядағы "тұтынушылардың саяси бойкоттарының" және "ерте кезеңдегі несиелік өнімдерге жасалатын  инвестициялардың" әсері барын айтады. Hepsiburadaның өзі бұл бойкоттар маркетплейстің маркетингтік белсенділігін "айтарлықтай төмендеткенін" нақтылайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда тұтынушылық сұраныстың нашарлауына әкеліп соққан. Сонымен қатар, тұтынушылардың сұранысына теріс әсер еткен нәрсе - Түркиядағы инфляция және онымен күрес, деп атап өтті Hepsiburada.

"Маркетплейстің 2025 жылдың алғашқы үш айындағы кірісі, өз деректері бойынша, 7,9%-ға, яғни 14,4 миллиард түрік лирасына дейін төмендеді (бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 15,6 миллиард лира болған). Осы кезеңдегі таза шығын 2024 жылдың I-тоқсанындағы 180,5 миллион түрік лирасымен салыстырғанда 355,1 миллион түрік лирасын құрады. Тапсырыстар саны үш айда 18,9%-ға, яғни 29,3 млн-нан 23,8 млн-ға дейін қысқарды. Тауардың жалпы құны (GMV) 50,1 млрд лирадан 42,7 млрд лираға дейін қысқарып, төмендеу 14,8%-ды құрады", делінген маркетплейс есебінде.

Айта кетсек, Kaspi.kz Hepsiburada маркетплейсінің  65,41% мажоритарлық үлесіне ие.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар