Атырау облысында үш жасар егіз балаларға қатысты жасалған болуы мүмкін жыныстық зорлық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс жетінші рет тоқтатылды. Үш жылға жуық уақытқа созылған тергеу әлі күнге дейін сотқа жеткен жоқ, деп хабарлайды dalanews.kz.
Halyqstan мәліметінше, оқиға 2023 жылдың қараша айында басталған. Балалардың анасы полицияға арызданып, бүлдіршіндерге зорлық көрсетті деген күдікпен олардың туған әкесін көрсеткен.
Анасының айтуынша, балаларды тексеру кезінде түсірілген бейнежазбалар бар. Атыраудағы жалғыз балалар проктологы Валерий Кривчач ұл мен қызды қарап, екеуінде де жыныстық зорлық белгілері бар деген қорытынды жасаған.
Кейін психологиялық-психиатриялық сараптама да балалардың айтқандары шынайы психологиялық жарақатқа сәйкес келетінін, олардың сөздерінде ойдан шығарылған белгілер жоқ екенін көрсеткен.
Соған қарамастан, тергеу барысында қылмыстық іс бірнеше мәрте тоқтатылып, қайта қозғалған. Үш жыл ішінде мұндай шешім жеті рет қабылданған.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, алғашқы медициналық тексеруді жүргізген балалар проктологы кейінгі комиссиялық сараптамаларға белгісіз себептермен қатыстырылмаған. Сараптамаларды негізінен балалар хирургтері жүргізген. Алайда адвокаттың сөзінше, хирургтердің өздері мұндай жағдайларға түпкілікті баға беру балалар проктологының құзыретіне кіретінін көрсеткен.
Іс аясында барлығы 11 сараптама тағайындалған. Бірақ балаларды көзбе-көз тек екі рет тексерген: алғаш рет 2023 жылы Атырауда, кейін бір жыл сегіз ай өткен соң, 2025 жылдың шілдесінде Алматыда.
Алматыдағы комиссия құрамындағы хирургтер анықталған өзгерістердің зорлықтан емес, созылмалы іш қату және басқа да жарақатқа қатысы жоқ себептерден туындауы мүмкін деген қорытындыға келген. Ал қалған тоғыз сараптама балаларды қайта қарамай, тек медициналық құжаттар негізінде жүргізілген.
Кейін іс материалдарында Атырау мен Алматыда комиссия құрамына балалар проктологын тарту мүмкін болмағаны көрсетілген. Алайда жәбірленуші тарап мұндай мамандардың екі қалада да бар екенін алға тартады.
Тергеу барысында балалардың әкесі бір кезеңде ресми түрде күдікті деп танылған. Алайда кейін комиссиялық сараптамалардың қорытындысына сүйене отырып, іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ деген негізбен қайта тоқтатылған. Прокуратура жәбірленуші тараптың шағымдарын қарап, бұл шешімді күшінде қалдырған.
Сонымен қатар, анасының мәлімдеуінше, күдікті Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьяларының біріне туыстық жағынан жақын. Әйел бұл байланысты растайтын үйлену тойында түсірілген фотосуретті ұсынған.
Жақында әйел қылмыстық істің жетінші рет тоқтатылғанын білген. Соған қарамастан, ол күресті тоқтатпайтынын айтып отыр.
"Бұл қаулының күшін тағы да жоюға тырысып жатырмын. Балаларыма қатысты іс міндетті түрде сотқа жетуі керек. Кінәлі адам заң алдында жауап бермейінше, мен тоқтамаймын. Бұл - әділдік үшін ғана емес, басқа балалардың қауіпсіздігі үшін де маңызды", – дейді ол.