Қазақстан экономикасының өсімі туралы сөз болғанда, әдетте мұнай бағасы, өнеркәсіптің дамуы, инвестиция тарту немесе жаңа өндірістерді іске қосу мәселелері талқыланады. Алайда экономикалық өсімнің ең маңызды, бірақ көп жағдайда назардан тыс қалып жүрген резервтерінің бірі – білім беру саласы. Әсіресе, ауыл мектептері. Бұл туралы білім беру саласындағы Qazaq Expert Club шақырылған сарапшысы Жазира Асанова мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл байланысты әлемдегі ең ірі зерттеулердің бірі дәлелдейді. The Knowledge Capital of Nations еңбегінің авторлары Эрик Ханушек пен Людгер Вёссманның қорытындысына сәйкес, ұзақ мерзімді экономикалық өсімнің басты факторы – білім сапасы.
Зерттеушілердің бағалауынша, оқушылардың когнитивтік дағдылары бір стандартты ауытқуға артқан жағдайда, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) жыл сайынғы өсімі шамамен 2 пайыздық тармаққа ұлғаяды.
Бұл әсер тіпті дамыған мемлекеттердің өзінде айтарлықтай жоғары. Зерттеу нәтижесіне сәйкес:
- табысы жоғары ЭЫДҰ елдерінде білім сапасын арттырудың дисконтталған экономикалық әсері қазіргі ЖІӨ-нің шамамен 162%-ына тең;
- табысы орташа мемлекеттерде бұл көрсеткіш қазіргі ЖІӨ көлемінен сегіз еседен астам артық;
- табысы ортадан төмен елдерде 1302%-ға дейін жетеді.
Қазақстан үшін неге маңызды?
Қазақстан үшін бұл мәселе ерекше өзекті. Дүниежүзілік банктің болжамынша, экономика 2025 жылы 6,5% өсім көрсеткенімен, 2028 жылға қарай өсім қарқыны біртіндеп 3,5%-ға дейін баяулауы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, мұның негізгі себептерінің бірі – адами капитал сапасының жеткіліксіздігі. Бұл еңбек өнімділігіне, инновациялық белсенділікке және жоғары қосылған құны бар өнім өндіру мүмкіндігіне тікелей әсер етеді.
Сонымен қатар зерттеулер ең жоғары экономикалық нәтиже тек үздік оқушыларды қолдау арқылы емес, базалық дағдыларды меңгермеген оқушылар санын азайту арқылы жүзеге асатынын көрсетеді. Оған функционалдық сауаттылық, математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылығы, сондай-ақ практикалық міндеттерді шешу қабілеті жатады.
Ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығы
Бүгінде қазақстандық оқушылар ЭЫДҰ елдеріндегі құрдастарынан орта есеппен 1,5–2 жылға қалып келеді. Бұл алшақтықтың едәуір бөлігі ауыл мектептерінен бастау алады. Қазақстандағы оқушылардың 48%-ы ауылдық жерлерде білім алады. Сондықтан ауыл мектептеріндегі білім сапасын салыстырмалы түрде аз ғана жақсартудың өзі ел экономикасына елеулі ықпал етуі мүмкін.
15 жасқа келгенде ауыл оқушысы білім деңгейі бойынша шамамен 0,5–1 оқу жылына артта қалады. Оқу сауаттылығы бойынша айырмашылық бастауыш сыныптардан-ақ байқалады. Ауыл мектептерінде әр балаға көңіл көбірек бөлінгенімен, оның мүмкіндіктері шектеулі. Компьютерлер саны көбірек болғанына қарамастан, сапалы интернет, заманауи бастауыш сынып кабинеттері мен жаратылыстану пәндерінің зертханалары жеткіліксіз.
Инфрақұрылым мәселесі шешілген жерлерде білікті педагог кадрларының тапшылығы байқалады. Осының бәрі ауылдағы білім беру жүйесі бүгінде елдің адами капиталын дамытудың ең ірі резервтерінің бірі екенін көрсетеді.
Қазақстанда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Соңғы жылдары бұл бағытта нақты негіз қалыптасты. Қазір Қазақстанда 193 тірек мектептен тұратын желі жұмыс істейді. Бұл – әр өңірге орта есеппен 11 мектептен келеді. Аталған мектептерде 135 мыңнан астам оқушы білім алады. Әрбір тірек мектепке 2–3 магниттік немесе шағын жинақты мектеп бекітілген. Олар өзара тәжірибе алмасып, әдістемелік және ресурстық қолдау көрсетеді. Жалпы алғанда, әрбір тірек мектеп орта есеппен көрші ауылдардағы 20–30 мұғалімге және 200-ге жуық оқушыға қолдау көрсететін орталыққа айналған.
Жоба 2019 жылдан бері қоғамдық қорлар мен әлеуметтік инвестициялар есебінен жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде жобаға шамамен 65 млрд теңге бағытталған.
Соның нәтижесінде:
- 7 мыңға жуық оқу кабинеті жаңартылды;
- мектептерге 2,6 млн-ға жуық заманауи құрал-жабдық жеткізілді;
- 12 мың мұғалім мен мектеп директоры, сондай-ақ білім бөлімдерінің әдіскерлері арнайы біліктілікті арттыру бағдарламасынан өтті.
Алғашқы нәтижелер
Жүргізілген сыртқы мониторинг мәліметінше, мектептер жобаға қосылғаннан кейін оқушылардың білім сапасы орта есеппен 8–10%-ға артқан.
Сонымен қатар:
- біліктілік санаты бар мұғалімдердің үлесі 63%-дан 79%-ға дейін өсті;
- қосымша біліммен қамту деңгейі 45%-дан 60%-ға жетті;
- олимпиадалар мен зияткерлік байқаулардың жеңімпаздары саны екі есеге жуық көбейді.
Бұл қазір жаңа реформа бастау емес, нақты нәтиже бере бастаған тиімді модельді кеңейту мәселесі екенін көрсетеді.
Әлемдік тәжірибе не дейді?
Халықаралық тәжірибе ауылдық жерлерде жеке мектептерді емес, педагогтерді, инфрақұрылымды және әдістемелік ресурстарды күшті тірек мектептердің айналасына біріктіретін білім беру желілерін дамыту әлдеқайда тиімді екенін дәлелдейді. Мұндай тәсіл ресурстарды ұтымды пайдалануға және білім беру теңсіздігін біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді.
Адами капитал бірден нәтиже бермейді. Оның тиімділігі ондаған жылдар ішінде көрінеді. Дегенмен дәл осы фактор экономиканың қаншалықты өнімді болатынын, елдің жаңа технологияларды қаншалықты жылдам енгізетінін және жоғары қосылған құны бар өнім өндіру қабілетін айқындайды.
Айта кетейік, ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) – әлемнің ең дамыған 38 мемлекетін біріктіретін халықаралық ұйым. Ол түрлі салалар бойынша зерттеулер жүргізеді және оның талдаулары әлемдік деңгейдегі маңызды сараптамалық дереккөздердің бірі саналады.